LRT құрылысы қашан аяқталады?
Негізінде жаңа қоғамдық көлік 2017 жылы, яғни ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде туристерді тасымалдау үшін ашылуы тиіс еді. Алайда жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың салдарынан жоба бірнеше жыл тоқтап тұрды. Жауаптылар енді не дейді? Сақалды құрылыс қашан бітеді?
10 жылға жуық қаланың сыйқын бұзып тұрған темір-бетон бағандар енді пайдаға жарамақ. Құрылыс жұмыстары биыл қайта басталды.
Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
-Негізі Үкіметте LRT ның құрылысын аяқтау жөнінде шешім қабылданды. Әкімдікке тиісті қаражат бөлінді. Өткен жылы 50 млрд теңге, биыл 50 млрд теңге. Енді әкімдік Қытайдың сол корпорациясымен бірге жүзеге асыру қажет. Ол жұмыс жүріп жатыр.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жаз шыға құрылыс қарқын алады. Ал әзірге қалада қарбалас байқалмайды.
Жеңіл рельсті көлік жолының жалпы ұзындығы 22 шақырым 400 метр. Осы аралықта темір-бетоннан жасалған 730 баған болуы тиіс. Бүгінде соның 508-і дайын. Қалған 222 тірек биыл салынады. Құрылысқа жауаптылардың айтуынша 2024 жылдың желтоқсан айында жаңа қоғамдық көлік жолы дайын болады. Тіпті 5 вагонды жіберу жоспарланып отыр.
Иә, бір жарым жылдан кейін жылжымалы құрам жолға шығады. Алайда жолаушылар оны бірден пайдалана алмайды.
Темірхан Меңдіғалиев, CTS ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:
-2024 жылдың желтоқсан айында тәжірибелік негізде жеңіл рельсті көлікті іске қосамыз. Ол кезеңде әрине жолаушыларды отырғызбаймыз. Пойызды жүкке толтырып, алты ай бойы оның төзімділігін тексереміз. Осылайша, теңселу сияқты олқылықтардың бар-жоғы көрінеді. Мұндай кемшіліктерді анықтап, жою арқылы алдағы уақытта жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеміз.
Сәйкесінше, жолаушылар 2025 жылдың жаз айларында көп күттірген қоғамдық көлікке отыра алады. Жоба 2026 жылға қарай толық жүзеге асады. Яғни жоспардағы 19 жылжымалы құрам жолға шығады. Әуежайдан бастап, «Нұрлы Жол» вокзалына дейін 18 аялдама болады.
Тұрсынбек Өмірзақов, экономика ғылымдарының докторы:
-Осындай жобалар дүние жүзінде көп тараған. Қазіргі уақытта 58 елде 388 қалаларда 40 млн кісі таситын көлік. Біздің қалаға да сондай көлік болса жаман болмаушы еді. Тек қана сол жоба қазіргі уақытта бізге алтын жоба болып бара жатыр.
Қанша қымбатқа шықса да, шегінерге жол жоқ. Мұны билік те мойындап отыр. Ең бастысы жаңа жоба жолаушылардың қауіпсіз тасымалын қамтамасыз етіп, ұлғайып келе жатқан елордадағы кептеліс пен қоғамдық көлік тапшылығы мәселелерін шешсе игі. Айта кетейік, бүгінде Астана бойынша 400 автобус жетіспейді екен. Бұл енді бөлек әңгіме.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Наурызбай Құрманғазы, Дәурен Жұрхабаев, Әлібек Әлиев