Qazaqgaz жылыту маусымын сәтті аяқтады
Өткен қыста елімізде табиғи газды тұтыну көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Сағатына 4 млн текше метр көгілдір отын жағылған. Қыстың қатты болуына қарамастан, тұтынушыларға көгілдір отын үздіксіз берілген. Абоненттердің өтініші өз уақытында қарастырылып, апаттық-диспетчерлік қызмет тәулік бойы қызмет жасаған.
Бүгінде елімізде Астана мен Алматы қаласынан бөлек, тағы 12 аймақ табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ал жалпы желілердің ұзындығы 64 мың шақырымға жуықтайды. Сала мамандарының сөзінше, жалпы өткен қыс күрделі болған. «Дегенмен ешқандай апат пен тапшылыққа жол берілген жоқ», — дейді «Qazaqgaz» басшылығы.
Санжар Жаркешов, «Qazaqgaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
-2022-2023 күзгі-қысқы жылыту маусымы бітті. Біз былтырғы жылы 2022 жылы наурыздан бастап дайындалдық. Негізі көптеген мекемелер әлемдік практика бойынша шілдеде бастайды, тамызда бастайды. Біз өте ерте бастадық. Сондықтан осы ерте бастағанның арқасында біздің техникалық дайындығымыз өте мықты болды. Ешқандай проблема, дағдарыс болған жоқ. Газ тасымалдау құбырымыз үздіксіз жұмыс жасады.
Қазақстан былтырға дейін сағатына шамамен 3,5 млн текше метр газ тұтынып келсе, өткен қыста ол 4 млн-ға жетті. Ал биыл тұтыну көлемі тағы артады деген болжам бар. Себебі бір ғана елорданың өзінде екі бірдей аудан көгілдір отынға қосылмақ. Сондықтан осы жылы да дайындық әдеттегіден ерте басталды. Одан бөлек, үйге газ құбырын тарту ісі оңайластырылған.
Ержан Балабеков, «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ Астана филиалы директорының бірінші орынбасары:
-Халыққа хабарландыру ретінде айтамыз. Қазірден бастап қыстың қамын жазда ойлап, техникалық шартты бүгіннен бастап алып, техникалық шартты биылдан бастап офлайннан бөлек, онлайн алуға болады. Ол egov порталынан, болмаса «ҚазТрансГаз Аймақ» сайтына беруге болады тапсырыс.
Сондай-ақ мамандар, тұрғындарға газды үнемдеп тұтынуға кеңес береді. Ал тапшылықтың алдын алу үшін жаңа кен орындары іздестірілуде.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин