ШҚО: Бұқтырма су қоймасы тартылып барады
Қарағайлы орманның қойнауындағы су көзінің бүгінгі жағдайы тұрғындарды қатты алаңдатып отыр. Осылай жалғаса берсе өлкенің мақтанышына айналған демалыс орнын мүлдем жоғалтып аламыз ба деп қауіптенеді. «Сондай-ақ бұл өзгеріс электр өндірісіне кері әсерін тигізіп, флора мен фаунаның жойылуына әкеп соғуы мүмкін», — дейді жергілікті жұрт.
Бұқтырма тек Қазақстанға ғана емес дүниежүзіне әйгілі деуге болады. Өйткені әлемдегі ең ірі он су қоймасының қатарына кіреді. Алайда соңғы кезде жағдайы мәз емес, жағажайдан алыстап барады. Биыл 50-60 метрге қашықтап кеткен. Мына тұрған баржа өткен жылы ғана судың ортасында тұрған екен, бүгінгі түрі мынау.
Бұқтырманың сағасында қуатты су электр станциясы тұр. Жағалауы демалыс базасына лық толы. Жүздеген туристің сүйікті орны. Қала берді бүтін бір ауданды облыс орталығымен байланыстырып тұр. Паромдар осы су арқылы Күршімнен ары-бері халықты тасиды. Сондықтан судың төмендеуі ең алдымен аталған көліктерге ауыр тиді. Өткен жылғы айлақ тіпті жарамай қалған.
Қадылбек Жармұхамбетов, Паром басқарушысы:
-Тамыза сап жүріп кетуге болмайды, желді күні міне қазір Ертіс өзені таяздығына байланысты көптеген мына жерде островоктар аралдар пайда болып жатыр, соған тұрып қалуымыз мүмкін. Сондықтан желді күні бізге шығу қиын боп жатыр бізге деп айтып жатырмыз.
Бұқтырмадағы судың азаюы заңды құбылыс дейді мамандар. Көпшілік топшылап жүргендей бұған көрші елдің де, Күршім көпірі құрылысының да қатысы жоқ. Осы жердегі гидролог Контсантин Карташев қоймадағы әр өзгерісті қалт жібермейді. Арнайы құралдармен су деңгейін күніне екі рет өлшейді. Тартылу себебін байыппен түсіндірді.
Константин Карташев, гидролог:
-Бұл белгілі бір мерзімде қайталанып тұратын құбылыс. Мәселен 2003 жылы су өте көп болды, он жылдан соң күрт азайды, 2016 жылы қайта толып кетті. Биыл тағы алыстап кетті жағадан. Сондықтан тек күту керек. Үркетін түк жоқ.
Асқар Оразбаев, туристік қауымдастықтың төрағасы:
-Бүгінгі жағдай осы туристік маусымға қатты бір кері әсер етпейді. Жылда қайталанады ғой. Маусымның ортасына қарай қайта тола бастайды. Кейде жағажайды басып қалып әбігерге салса, кейде осылай қашықтап кетіп әуреге түсеміз.
Ең бастысы су қоймасының ортаюы өндіріліп жатқан электр энергиясына да, сол маңдағы флора мен фаунаға да, туризмнің дамуына да әсер етпейді. Мамандар солай деп отыр. Қойма мүмкін келер жылы, мүмкін бес не он жылдан соң қайта орнына келеді деп сендірді.Тек күту керек, өйткені әзірге табиғат құбылысына тікелей әсер ететін дәрмен жоқ.
Авторлары: Эльмира Ахметова,Жігер Бабаханов