Атырау облысында қойдың жабағы жүніне сұраныс жоқ
Өтпеген өнімді шаруашылықтар қоқысқа тастайды. Мұнайлы өңірде 600 мыңнан астам қой-ешкі мен 30 мыңға жуық түйе бар. 2015 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жүн өңдейтін жалғыз кәсіпорын текке қаңтарылып тұр.
Бұл отарда 500-ден аса еділбай қойы бағылады екен. Қазір көктемгі жабағы қырқымы басталатын шақ. Бірақ малшылар қажетсіз тірліктен шаршаған сыңайлы. Себебі қылшық жүнді саналатын қазақы «еділбай» қойының жабағысын ешкім керек қылмайды. Атырау облысында 600 мыңнан астам ұсақ мал бар. Бірақ жүн мен терісі текке қалып жатыр,- деп қынжылады шығынға батқан шаруалар.
Құрманбек Аманғалиұлы, шаруашылық жетекшісі:
- Жүн мәселесі қиын болып тұр. Босқа қырқамыз, үстінен жабағысын түсіреміз, бірақ сол жерде қалады. Өзінің қырыққан шығынын да ақтамайды. Ресейге де апарғанбыз, бірақ бір құжаттары үйлеспей, қалып қойды. Негізі ол жақта күземге сұраныс бар. Олар байпақ жасайды екен.
Мұнайлы өңірде 2015 жылы мемлекеттік бағдарламамен салынған жүн өңдеу фабрикасы бар. Жоба бойынша кәсіпорын жылына 500 тонна жүн өңдеп, 400 мың метр табиғи таза өнім шығаруға тиіс еді. Бірақ шикізаттың талапқа сай келмеуі мен өнімге сұраныстың жоқтығы салдарынан кәсіпорын қуатының тек 10% жұмыс істеп тұр. Дегенмен 2022 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тері мен жүн өңдеуге бағытталған жобалар қолға алына бастады. Бастысы мал өнімін өңдеуге арналған кәсіпорындардың шығынының бір бөлігін мемлекет өтейтін болады.
Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
- Сондықтан инвестициялық шығыныңыздың 25% мемлекет тарапыннан өтеуге қазіргі уақытта жаңа субсидияның ережесіне салуды көздеп отырмыз. Жүн мен теріні өңдеу функциясын Ауыл шаруашылығы министрлігі берілгеннен кейін, қазіргі уақытта жаңа ережесін бекіткеннен кейін, 2022-23 жылға біздің жоспарымыз бойынша тері мен жүнді өңдеуге 2 зауытты жақын арада қосамыз деп отырмыз. Біреуі Ақтөбе облысында, біреуі Алматы қаласында. Ол жерде өңдеуден бұрын желатин да шығаратын мүмкіндіктер мол болады деп есептеймін.
Еліміз бойынша 9 кәсіпорын тері өңдеумен айналысады екен. Олар жылына 3,5 мың дана тері өңдейді. Алайда ол да мардымсыз. Егер қолдау болса, бизнестің жаңа түрі жанданып, ата кәсіптің дамуына жол ашылар еді. Бұл мәселе жүн өңдеушілерге де қатысты. Ал әзірге тонналаған жүн текке қалып жатыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин