Петропавлдағы алапат өрт: қала әкіміне сөгіс жарияланды
Ол өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпеді және алдын алу кезінде сылбыр жұмыс істеді деп сыналды. Облыстық әкімдікте осы сұрақ кеңінен талқыланды. Мәселен, соңғы үш жылда аймақта екі мыңнан астам өрт тіркелген. Шығын көлемі де шаш етектен. Бір ғана мысал. 7 мамыр күні «Береке» ықшам ауданында қамыс жанып, қызыл жалын жеке секторды шарпыды. Салдарынан тоғыз үй толығымен өртеніп кеткен, тағы екеуі тұруға жарамсыз болып қалды. Осыған байланысты шаһарда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Бұл оқиғадан кейін облыс орталығында қамыс шабу жұмыстарына 67 млн теңге қаржы бөлініп, 2,5 млн шаршы метр аумақ тазартылғалы жатыр.
Айдарбек Сапаров, облыс әкімі:
- Қаңтар-ақпан айларында барлық аудан әкімдеріне қамыс шабу бойынша тапсырма берілді. Облыс әкімдігінің аппарат басшысы да қызметтік хат жолдады. Алайда шаһар басшысы жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған. Бұдан бөлек Мағжан Жұмабаев ауданындағы шаруашылықтардың бірінде үш рет өрт болып, астық қоймалары жанып кетті. Ал аудан әкімі болса жұмыс уақытында рұқсатсыз қалаға кетіп қалған. Осыған байланысты оларға сөгіс жариялаймын.