Қонаевтықтар электр жарығының жиі сөнуіне наразылық білдірді
Қонаев қаласының қасындағы «Құрылысшы» саяжайының тұрғындары бас көтеріп, электр жарығының жиі сөнуіне наразылық білдірді. Халық ақысын төлесе де, сапалы қызметке қол жеткізе алмай отырғандарына наразы. Тек жарық өшсе жақсы ғой, онымен бірге су да жылу да жоғалады екен. Бұл мәселе қашан шешіледі? Облыстың басшылары дәл іргелерінде болып жатқан былықтан хабардар ма? Т
«Құрылысшы» саяжайында қазір мыңнан астам адам тұрады. Дамалыс күндері келіп, бау-бақшамен айналысуға арналған үйлердің иелері қазір осында жыл он екі ай тұрақты тұрады. Электр қуатын тұтыну артқан соң ескі трансформатор қысымға шыдас бермей, жиі бұзылады. «Жарық өшкен соң, үйдегі тұрмыстық техника да күйіп кетеді» дейді тұрғындар.
Айша Өмір, қала тұрғыны:
- Жарық өшсе су өшеді, су өшсе сеть ұстамайды. Ана жерде антенна бар. Сөйтіп отырамыз интернетсіз, сусыз, светсіз. Бір сағаттан кейін қосамыз дейді, ол жоқ. Күтіп отырамыз кешке дейін.
Саяжай тұрғындары бірлестік құрып, ай сайын электр жарығының ақшасын бір шотқа жіберіп төлейтін. Мұндағы тоқ тарифі 1 кВт-на 28 теңге. Бірақ бірлестіктің «Алматы жарық компаниясына» қарызы өсіп кетуінен мекеме жарықты жиі сөндіретін болды. Қазір Қонаев қаласының әкімдігі осындағы электр жүйесін жаңалауға кірісті.
Дархан Қарақонысов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі таңда дача кооперативте АЖК алдында 30 млн-дай берешектері бар. Бұл жақта халық төлемегеннен кейін қайта-қайта өшіре берді светтерін. Қазіргі таңда светтерін біз өзіміздің балансымызға алып жатырмыз, ЖКХ қаланың. Қазіргі таңда 6 трансформатор орнаттық. Жұмыстар жалғасуда. Қалған көшелерге СИП-тар тартып жатырмыз.
Саяжай аумағы ұлғайған соң жаңа электр бағаналары орнатылады. Ықшамаудан қаланың құрамына кіреді. Трансформаторлар толық ауыстырылған соң әр абонемент қалалық электр жүйесіне жалғанады. Сонда тариф те арзандайды. Бұл жұмыс бір айдың көлемінде аяқталуы керек.
Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев