Астанадағы екі әскери бөлімде 488 млн теңгелік жанар-жағармай ұрланған
Алғаш рет отын жетіспеушілігі қаңтар оқиғасы кезінде байқалған. Кейін тексеріс жүргізіліп, жанар-жағармайдың 2018 жылдан бері жымқырылғаны белгілі болды. Қылмысқа қатысы бар деп анықталған 140 адамның бесеуін әлі тергеу жүріп жатыр. «Бірақ оның әділ өтетініне күмәнмен қараймын»,- дейді Ұлттық ұланның бұрынғы кадрлық әскери қызметшісі, отставкадағы подполковник Нұржан Жақсыбаев. Айтуынша, Ұлттық ұланның қолбасшылары отынды «Қызылсуат» және «Қаржар» карьерлерінің иелері мен жанармай құю станцияларына 2 есе арзан сатқан. Алайда әлі күнге дейін олардың ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмады.
Самат Сырлыбаев, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының төрағасы:
- Жалған құжат бойынша әр көлікке 3-4 тонна жанар-жағармай бөлініпті. 2020 жылы бұл лауазымға тағайындалған командирден басқа бұған бәрі көз жұма қараған. Тексерісті бастағаны сол еді, оның өзін көп ұзамай қызметінен алып тастады. Еске салайын, ұрлық схемалары 2018 жылдан басталған. Бұған неліктен 2020 жылдан кейін келген адамдарды тергеп жатқаны беймәлім. Нағыз жауапты адамдар бостандықта жүр. Күні кеше отынды саудалаған, олардың әскери техниканы сатпасына кім кепіл?!