Риддердегі жылу орталығы жөнделеді
Шығыс Қазақстандағы «Риддер жылу электр орталығы» бұдан былай Өскемен жылу жүйесі мекемесінің бір бөлімшесіне айналады. Демек кезең-кезеңмен коммуналдық меншікке өтеді. Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр. Ең бастысы бұл өзгеріс жылу станциясына еш кедергісіз жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Мекемені қалыпқа келтіруге қанша қаражат керек? Станцияны толықтай іске қосу мүмкін бе?
Құлаған қабырға, тозығы жеткен жабдықтар. Талай жыл күрделі жөндеу көрмеген көне ғимарат. Бір маусымда екі рет жарылыс, 3 рет өрт шыққан отын тасымалдау желісі. Риддер жылу электр орталығы дәл осындай қаусаған күйде коммуналдық меншікке өтпек. Жаңа инвестор болмайды. Сондықтан бүкіл жауапкершілік әкімдікке жүктеліп отыр.
Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:
- Осы жерде өзіміз жұмыс істейміз. Бұл жылу орталығы «Өскемен жылу жүйелері» мекемесінің құрамына кіреді. Бүгін келісім жасалды. Заңды тұстары ғана қалды. Дегенмен біз станцияға кіріп, жұмысты бастап кеттік.
Қазір мұнда 130 адам жұмыс істеп жатыр. Мен деген мықты мамандар алдымен жылу қазандықтарын қалыпқа келтірмек. Бұдан бөлек қаңсып тұрған құралдар жетерлік. Бәрін жаңартпаса болмайды.
Игорь Михайленко, «Риддер-ЖЭО» АҚ Бас директоры:
-Қысқаша айтқанда, біз осы жылу орталығын қайта құруымыз керек. Үш турбина, алты қазандық жөнделеді. Оларға қосымша құрылғылар мен жабдықтар алу қажет. Бәрі ескірген.
Уақыт тығыз. Шаруа көп. Алдын ала есеп бойынша, 6 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Негізгі жұмыстарды қыркүйектің ортасына қарай аяқтау жоспарланған. 22 мың тұрғыны бар кеншілер қаласының келер қысқа дайындығы осылай үлкен қарқынмен басталды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов