Ақмола облысында он спорт кешені салынады
Аталған нысандардың дені аудан орталықтарында бой көтереді. Ал 5 спорт кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлық жобалар, мемлекеттік бағдарламалардың аясында республикалық және облыстық қазынадан қаржыландырылмақ. Айталық, алып спорт сарайының бірі Щучинск қаласында салынып жатыр. 400 орынға шақталған жобаның құны — 3,2 млрд.теңге. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Бекзат Бақберді, мердігер ұйым басшысының орынбасары:
-Евростандарттық деңгейде соғылып жатқан спорт кешені. Осы қаладағы үлкен дәрежелі спорт сарайы болады деп күтілуде. Бүкіл сессиялар болады. Бокс залы, дзюдо, волейбол, баскетбол, бассейн залдары да қарастырылмақ. Инвалидтерге арналған да арнайы залдар болады.
Азамат Байқуанышев, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:
-Салынатын нысандардың жетеуі — дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Спорт сарайлары Есіл, Қосшы және Степногорск қалаларында, сондай-ақ, Красный яр және Родина, Қорғалжын ауылдарында салынып жатыр. Ал екі спорт кешені Бестөбе кентінде бой көтеруде.