Алдағы жылдары 4,7 мың шақырым автокөлік жолдары салынады
Бұл Транскаспий халықаралық көлік бағытында транзиттік әлеуетті арттыруға бағытталмақ. Үкіметтің Президент тапсырмаларын орындау жөніндегі арнайы штабтың отырысында Көлік министрімен бірге бірнеше өңірдің әкімдері Премьер-Министрге жоспардағы жобалар бойынша есеп берді.
Қазір жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын 3 жоба бірінші кезекте іске асырылмақ. Сондай-ақ жол бойындағы сервис инфрақұрылымдарын дамыту жұмыстары қатар жүргізіледі. Бүгінде республикалық күрежолдарда 1,6 мыңнан аса нысан болса, 2029 жылға дейін тағы 300 қызмет көрсету орыны салынуы тиіс.
Жергілікті жолдар желісіне келсек, олардың жалпы ұзындығы – 70 мың шақырым. Биыл тағы 4,2 мың км жол жөнделіп жатыр. Алдағы 6 жылда облыстық және аудандық маңыздағы 14 мың шақырым жол жөнделмек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жолдардың сапасы сын көтермейтінін атап өткенін білесіздер. Халықтан шағым көп. Қарапайым тұрғын үшін қала болсын, ауыл болсын, қалааралық болсын, жүріп жүрген жолының жайлылығы мен сапасы ғана маңызды. Құрылыс маусымы аяқталып келе жатыр. Қазір кейбір жобаларда бөлінген қаражаттардың игерілмей қалу қаупі барын байқап отырмыз. Қыркүйекте қарқынды күшейту керек, сапаға баса мән беру керек. Көктемде асфальт қармен еріп кететіндей болмасын.
Сондай-ақ Үкіметтің қаулысымен Жаңатас, Қаратау және Риддер қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлары бекітілді. Осылайша арнайы бағдарламаға кіретін моноқалалар саны 10 жетті. Тиісінше 10 кешенді жоспар мен 608 іс-шараны жүзеге асыруға 1,7 трлн теңге қарастырылып отыр.