БҚО-да 220 мың бас киік ауланады
Киік саны реттелетін болды. Экология министрінің 19 қыркүйекте шыққан тиісті бұйрығы 6 қазаннан бастап өз күшіне енеді. Биыл бөкеннің жалпы санының 20% ауланып, еті сауда сөрелеріне шығарылуы тиіс.
Батыс Қазақстан облысында киікті аулайтын кәсіпкерлер мен оның етін өңдейтін кәсіпорындар анықталып, әзірлік жұмыстары жүріп жатыр.
Күні бүгін өңірде 2 млн астам бөкен бар. «Киік санының 20% көп аулауға өңірдегі өңдеу кәсіпорындарының шамасы келмейді»,- дейді мамандар. Дәл қазір Жаңақала және Чапаев ауылдарындағы ет комбинаттарымен ғана нақты келісім бар. Ал Оралдағы қалбыр зауыты бөкен етін бұқтыруға дайын емес көрінеді.
Мейрамбек Ерақаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда консерв жасау үшін мемлекеттік стандарттар болмауына орай шыққаннан кейін ғана мүмкін болады. Қазір ГОСТ жоқ сәйкесті киік етін дайындауға арналған.
Киік санын реттеуде негізгі оператор болып «Охотзоопром» кәсіпорны белгіленген. Жануарларды мылтықпен атпайды, арнайы үлкен торлармен аулайды. Барлық жұмыстың барысын инспекторлар бақылайды. Аулаған кәсіпкерге әр киік басына 4200 теңге төленеді. Бауыздалған киік төшкесі ет комбинаттарына келісі 400 теңгенің төңірегінде тапсырылады. «Бірақ бұл бағалар әлі өзгеруі мүмкін»,- дейді мамандар.
Нұрлан Рақымжанов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау инспекциясының басшысы:
- «Охотзоопром» мекемесі қызметкерлері аулаушылармен келісімшарттар жасап жатыр. Киікті реттеу әдісі коралл әдісі болады. Коралл деген – үлкен сетка, ау ретінде ғой, соған бәрі қамалады. Ішіне адамдар кіріп, сол жұмыстарды атқарады.
Жалпы киік санын реттеу жұмысы бір жылдың ісі емес. «Кәсіпкерлер келешекте Казталов, Жәнібек аудандарына мал сою кешендерін салса ұтылмас еді», - дейді сала басшылары.
Нұрлан Рақымжанов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау инспекциясының басшысы:
-Ет комбинаты салынса, сол оңтүстік аудандарда салынуы керек. Себебі алып келуінің өзі 300-400 шақырымнан қиын. Бұзылып кетуі мүмкін. 1 млн 800 мыңның 200 реттегенде 1 млн 600 мыңы қалады. Ол төлдейді. Сонда ілесе алмай қалуымыз мүмкін.
Киіктің еті арзан бағамен сауда сөрелеріне шығарылса, мүйізі шетелге шығаруға рұқсат берілгенше, не өзімізде өңдеу қолға алынғанша арнайы орындарда сақталмақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов