Шығыс Қазақстандағы Үйдене бөгетіне жөндеу жүргізіледі
Сыйымдылығы 75 мың текше метр, биіктігі 60-70 метр болатын нысан 10 жылдан бері апатты жағдайда тұр. Үш шлюздің біреуі ғана жұмыс істейді. Еліміздегі ең ірі су қоймасын 2018 жылы жөндеу жоспарланғанымен, жобаның сметалық құны бекітілмепті. Бұл мәселені шешуге республикалық бюджет комиссиясы кірісті. Алдағы екі жылда бөгетті қалпына келтіру үшін құны 600 млн теңгеден асатын жоба әзірленеді деп жоспарланған. Үйдене және Қандысу бөгеттері қалпына келтірілсе, шығыстағы суармалы жер көлемі шамамен 20 мың гектарға ұлғаяды.
Рамиль Сағындықов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Республикалық бюджет комиссиясы құрылыс жұмыстарына қаржы бөлуге шешім шығарды. Бөгетті толық қалпына келтіру үшін шамамен екі жылдай уақыт керек. Өйткені су қоймасын ғана емес, негізгі арналарды да жөндеу қажет.