СҚО-да жөнделмеген жол үшін 427 млн теңге төлеген шенеунік сотталды
Солтүстік Қазақстан облысында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы 7 жылға сотталды. Айдын Қазжановқа бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр. Ол Ғабит Мүсірепов ауданындағы іс жүзінде жөнделмеген жолдарды қабылдап, мердігер ұйымның шотына ай сайын ақша аударып отырған. Мемлекетке келтірген жалпы шығын көлемі – 427 млн теңге. Шенеунікпен бірге жол құрылысымен айналысқан кәсіпкер және техникалық қадағалау ұйымының сарапшысы сотталды.
Әмір Рақымов, облыстық прокуратура басқармасының прокуроры:
- Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы орындалмаған жұмыстарды орындалды деп бірнеше актіге қол қойған. Сонымен қатар техникалық қадағалау ұйымының сарапшысы мен кәсіпкер де 7 жылға сотталды. Одан бөлек Петропавл қаласы бойынша 20 көшеге төселген жолдың талапқа сай емес екендігі анықталды. Қазір кемшіліктерді жойып, лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту мәселесі қаралып жатыр.