Д. Сатыбалды: Түркістан облысындағы мектептер қоршалмаған
Балалар қауіпсіздігі – басты орында. Дегенмен Түркістан облысындағы мектептер қоршалмаған, бейнекамералар мен дабыл батырмасы орнатылмаған. Бұл туралы елордада өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтты.
Шешілмеген түйінді тарқату үшін жергілікті бюджеттен алғаш рет 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Себебі Үкімет бұл мәселелердің толық шешілуін тапсырған. Келер жылдан бастап 106 мың шаршы метр қоршау салынып, 7 мыңнан аса бейнекамера, 284 мектепке турникет орнату жоспарда. Тіпті күзетшілерді де күшейтіп, мемлекеттік мекемелерде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Одан бөлек Президенттің тапсырмасымен, облыстағы 1-4 сыныптағы оқушылар тегін ыстық тамақпен толық қамтылыпты.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
- Кейбір мектептерде қоршау жоқ, бейнекамера жоқ, турникеттер жоқ. Дабыл кнопкалары жоқ. Сол сияқты мәселелер болған. Кейбірінде болса да жауапты органдарға қосылмаған. Қаржы бөліп, жылдың соңына дейін соны 100% шешіміз деп соны қолға алып отырмыз. Ол деген 100 астам мектепте бізде қоршау жоқ екен. 100% қоршауды орнатамыз. Сол камераларды жедел басқару орталығымен қосу. Қандай да мәселе болып жатса, сол орталықтан көріп отырады.
Түркістанда тағы күрделі мәселелердің бірі – жайылым тапшы. Қазір мал басына шаққанда қажеттілік 8 мың гектарға жуықтайды. Жайылымның аздығына байланысты мал саны 81 мыңға азайған. Облыс әкімдігі және прокуратура бірлесіп жүргізген арнайы тексеріс нәтижесі бойынша 250 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты.