Алматыда көп жылдан бері қордаланған су мәселесі жуырда шешімін табады
Алматыда көп жылдан бері қордаланған су мәселесі жуырда шешімін табады. Қала әкімі Ерболат Досаев мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есебінде осылай деді. Айтуынша, биылғы жаз бірқатар проблемаға қозғау салды. Мәселен, Медеу ауданына тәулігіне 20 мың текше метр су жетіспейтіні анықталды. Мұны шешу үшін келер жылы 7 су құбыры салынатын болды
Биыл Алматыда қыс әдеттегідей жылы. Ақұлпа көп түскен. Кептелісті болдырмас үшін жоспар да бар. Кей жолдар 6 жолаққа дейін үлкейтіледі. Сайын көшесі мен Абай даңғысы қала шетіне дейін ұзартылады. Ұзындығы 70 шақырым болатын жаңа жол салынады. Жолдарды орташа жөндеу 250 шақырымға дейін ұлғайтылмақ. Мұнымен қоса, қоғамдық көліктер де жаңартылады.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
-Қаланың автобус паркі 1 150 экологиялық таза автобусқа жаңартылды. Соңғы 11 жылда алғаш рет 100 троллейбус сатып алынды, ал 2024 жылы тағы 100 бірлік сатып алу жоспарлануда. Бұл троллейбус паркін 100% жаңартуға мүмкіндік береді.
Алматылықтарды толғандырған тағы бір мәселе — бала саны көп, мектеп тапшы. Шаһар басшысының айтуынша 2025 жылға дейін 37 100 балаға арналған 22 мектеп салынады. Ал денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында биыл 36,5 млрд теңге бөлінген. Келер жылы бұл көрсеткіш 4,5 млрд теңгеге ұлғайтылады. Сәйкесінше, бірнеше медициналық нысан құрылысы жалғасын табады.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
-4 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде, ол ендігі жылдың екінші тоқсанында бітіріледі. Сондай–ақ 11 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету орталығы мен емханалардың құрылысына жобалау сметалық құжаттама әзірленуде.
Алматы «Бақ қаласы» мәртебесіне сай жасыл желектен арылмайды. Саябақтар құрылысынан бөлек, туристік әлеуетке де мән беріледі. Туристерді қызықтыратын 6 маршрутты біріктіру жоспарда бар.
Авторлары: Дана Әлиева, Азамат Саметов