Ақтөбе облысының 95% көгілдір отынмен қамтылған
Ақтөбе облысында халықты көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95% жетті. Жыл бойы 16 елді мекенге газ кірсе, тағы біріне желі тартылып жатыр. Ал келесі жылы 8 ауылды қамту туралы жоспар бар. Сондай-ақ магистралды газ құбырының үшінші желісін де іске қосу көзделіп отыр.
Үйдің газ желісіне қосылғанына Сариндер отбасы қатты қуанды. Себебі жылда күздігүні отын дайындауға кірісетін. Өйткені төрт бала өскен жанұяда қазір немерелер де бар. Ал бұл даңқты батыр Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылында 36 үй, 150 жуық тұрғын бар. Көгілдір отынның жеткені ауылдықтарды разы етті.
Нұрдәулет Сарин, Бұлақ ауылының тұрғыны:
- Жылда көмір сатып аламыз, тоннасы 22 мыңнан. Оның бәрінен міне, Алла қаласа құтылып жатырмыз. Жолымызды, асфальт бәрін салды. Су қазды ауылдан. Жайлап көркейіп келе жатырмыз. Енді әрі қарай да осылай дами берсін дейміз
Ақтөбе облысы бойынша ауылдарды газ желісіне қосу жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде өңірдегі 323 елді мекеннің 169 көгілдір отынмен қамтылған. Ал келер жылы «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырынан Ақтөбеге үшінші желі тарту жұмысын аяқтау көзделіп отыр.
Ержан Мұздыбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Газ құбыры іске асырылғаннан кейін облысымызға қосымша 526 мың текше метр газ келетін болады. 250 мың текше метрін біз индустриялық аумақты, ал қалған газдың көлемі Мәртөк, Қарғалы, Қобда аудандарын газбен қамтуға және жаңадан салынып жатқан тұрғын-үй массивтерін газбен қамтамасыз ететін болады.
Бұдан бөлек келер жылы 8 ауылға газ жетпек. Жобалар үшін қаржы қарастырылуда.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев