Ақтаулық Бекарыс Болатбайдың арманы орындалды
4 сыныпта оқитын балақай Президенттен жауап алды.
Каспий жағасындағы арнаулы мектепте білім алатын, ерекше оқыту қажеттілігі бар балақай Мемлекет басшысына хат жазып, доп пен кроссовка сұраған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Бекарыстың бұйымтайын облыс әкімінен беріп жіберді.
Павлодарлық Әмір Багауитдиновтың да арманы дәл осылай орындалды. Арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж балаларға арналған орталықта оқитын жеткіншек жаңа жыл қарсаңында Президентке хат жазған. Қасым-Жомарт Тоқаев Әмір сұраған велосипедпен бірге жылы лебізін де жолдады.
Әмір Багауитдинов, оқушы:
- Сыныптастарымның барлығы Аяз Атаға хат жазды. Ал мен Президентке хат жолдадым. Арманым орындалып отыр, сенер емеспін. Қазір 6 сыныпта оқимын, келесі жылы Павлодардағы Кадет мектебіне түскім келеді. Ол үшін мықты болуым керек қой. Велосипедпен бокс секциясына барып отырамын.