Сенат төрағасы атыраулықтармен кездесті
Атырау өңіріне Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған халық қалаулылары барды. Сапар барысында сенаторлар, жергілікті мәслихат депутаттары және жалынды жастармен жүздесіп, өңір халқын қандай мәселелер мазалайтынын тыңдады.
Әрі Сенат төрағасы биыл Парламенттің қандай құжаттарды қабылдайтынын айтып, еліміздің саяси-экономикалық даму стратегиясы туралы түсінік берді. Сондай-ақ депутаттар өңірдегі бірқатар нысанды аралады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы аптада «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында демократиялық реформалардың жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болғанын қадап айтты. Алғаш рет азаматтарымыз аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлады. Осы және өзге де жетістіктер мен бастамалар биылғы жылы да жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуімізге берік негіз болады деп сенеміз.