Үкімет көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға кірісті
Негізі көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға Үкімет өткен жылдың соңынан бастап кірісті. Бұл биыл ерекше қауіп күтіле ме деген ой туғызатыны анық. Ендеше көктемнен не күтеміз?
Әдетте біз табиғи қауіпті айтамыз ғой, қар қалың, су көп болады деген сияқты. Қазіргі күні техногендік тәуекел де бар. 291 гидротехникалық нысанның сапасы сын көтермейді екен. Бірақ қара аспанды төндіргім жоқ, бар мәліметпен бөлісейін.
Қаңтардың басы Үкіметте көктемгі су тасқынына қарсы қам қарекетеміз қалай болып жатыр деп мәселе көтерілген еді. Сол кезде елдің бас құтқарушысы Шәріпханов мырза баяндама жасады және қызыл сөзге салып, қырып жойып жатырмыз деген жоқ, анық түйткілдерді атады.
Мәселен, 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы шеңберінде 126 жоба іске асырылған екен. Яғни 58% ғана орындалған. 92 іс-шара әлі іске асырылып жатыр. Олардың 27-і бойынша жағдай тіпті алаңдатарлық екен.
Сырым Шәріпханов ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Бұл әсіресе Павлодар, Ақтөбе және СҚО-ға қатысты. Жол картасындағы іс-шараларды аталған облыстар орындамауына байланысты Президент әкімшілігі іске асырудың ағымдағы жылдың соңына дейін іске асыру мерзімін белгіледі. Осыған орай әкімдіктер қаржы көзін тауып, орындалмаған жол картасының барлық іс–шарасын қарашаға дейін аяқтауы қажет.
Қарашаға дейін мерзім берілді, ал су көктемде тасиды. Бұл аталған түйткілдің адами және қаржылық факторы болса, техногендік тәуекел де бар екенін айта кеткен жөн. Ол су реттеу нысандары.
Елімізде жиыны 1510 гидротехникалық нысан бар. Бұл нысандардың 331-і республикалық меншікте, 933-і коммуналдық және 229-і жеке меншікте. Сондай-ақ 1510 нысанның 291-нің жағдайы сын көтермейді. Төтенше жағдай бола қалса, 399 елді мекенде тұратын 1,2 млн адамға су басу қаупі бар. Ал 213 нысанда дабыл және ақпарат беру жүйелері жоқ.
Бір қызығы 300 мыңға жуық су нысанынан қауіп күтілгенімен, төтенше жағдай қызметтері олардың 76-сын ғана тексере алады екен. Былтырғы жағдайды талдау барысында су нысандарына іргелес және ойпатты жерлерде орналасқан елді мекендер суға кеткен. Атап айтқанда 2023 жылы осындай аумақтарда орналасқан 321 елді мекендегі 86592 үйді су басып, 331591 тұрғын зиян шекті. Биылғы көктемге қам-қарекет қандай?
Асқар Нұрқанов, ҚР ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма бастығы:
-Су тасқыны бар елді мекендердің айналасына үйінділерді, қорғаныш бөгеттерді салу, автомобиль және теміржолдардың астындағы су өткізгіш каналдар мен құрылыстарды тазарту, қар шығару жұмыстары жүргізілді. Гидротехникалық құрылыстарды, кәріз бен арық жүйелерін салу және жөндеу, жергілікті хабарлау мен автожол көпірлерінде жөндеу мен реконструкциялар жүзеге асырылды.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары да болжамдарымен бөлісті. Батыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында су басу қаупі жоғары. Басты себеп желтоқсан айының басында күн жылы болып жаңбыр жауды да ізінше қатты аяз түсті. Жер тоң болып қатып қалды. Ал ақпан бойы қалың қар түссе, көктемде күн күрт жылынса, тоң боп қатқан топыраққа еріген қар сіңбей, қызыл судың көкесі болады дей беріңіз. Бетін ары қылсын, әрине. Төтенше жағдайлар министрлігі келеңсіз сценарий бола қалса, оған да сайланып отырмыз дейді.
Көктемгі су тасу қаупінің алдын алу және шұғыл мән беру мақсатында азаматтық қорғаныс жүйесінің күштері айқындалды. Ол 39 мың құтқарушы, 11 мыңнан астам техника, 500 дің үстінде қайық, катер сияқты жүзу құрылғылары және 3 мыңнан астам су сору қондырғысы.
Айта кетейік, осы қаңтар және ақпан айларында ауа температурасы қалыпты шамадан 2 градусқа жылы, сондай-ақ жауын-шашын мөлшері де нормадан көп болады күтіледі. Қазгидрометтегілер 5 өңірде қардың түсуі 70%, 12 өңірде 90% деп болжап отыр. Бұдан аңғаратынымыз қамданыс қазірден қажет. Төтеншеліктердің даярлыққа ерте кіріскені де осыны айғақтаса керек.