«Хабар» арнасында «Бес жұлдыз» жобасының тұсауы кесіледі
Жұлдызды сайыс жаңа форматта. Ертең «Хабар» арнасында «Бес жұлдыз» мега шоуының тұсауы кесіледі. Жобаның басты ерекшелігі – ұмыт бола бастаған тәлімгер мен шәкірт сабақтастығын қайта жаңғырту. Жас таланттардың бағын ашатын шоу республикалық ауқым алып отыр. Мұндағы сарапшылар мен қатысушылар елдің барлық өңірінен шақырылған.
«Бес жұлдыз» сахнасы таланттыларды танымал ететін бірегей жоба болмақ. Мұнда келген кәсіби әншілер жай ғана өнер көрсетіп қоймайды. Тәлімгерлік шеберлігін шыңдап, шәкіртінің жүзден жүйрік болуына бар күшін салады. Сол үшін танымал жұлдыз, жас талантпен бір сахнада ән шырқайды.
Ғаділбек Жанай, әнші:
- Қай жоба болсын, пайдалы, оны солай көрген адамға да. Сондықтан, мен ойлаймын, мен тілеймін, барлық келген жаңа буынға бұл 100% пайыз ең азы көмектессе екен. Әрқайсы осы қазақтың өнерін танытатын жұлдыздар болса екен деп тілеймін. Солай болсын, биігінде болсын және осы бағдарлама алғашқы трамплині болсын.
Сымбат Тасбергенова, әнші:
- Әр өңірден келген, Қазақстанға еңбегі сіңген әртістер келіп, басымыз бірігіп жатыр. Осы сарапшылық бағытта отырғандықтан, біз өзіміздің ойымызды ашық айтып, жақсы балымызды беруге тырысып отырмыз.
«Бес жұлдыз» – әлемде баламасы жоқ, отандық жоба. Шоуға қатысушылардың өнерін әдеттегідей көрермен емес, әр өңірден арнайы шақырылған музыка мамандары бағалайды. Үміткерлердің кем-кетігін айтып, өнер жолына дұрыс бағдар беруге тырысады.
Әсел Тоянова, продюсер:
- 30 адам. Композиторлар бар арасында, аранжировщиктер бар, жастар бар, үлкен кісілер бар, орта буын бар, жас аралығы шектелмеген. Сол кісілер келіп, өз бағасын береді, өз пікірін білдіреді. Ең бастысы, өзінің ақылын айтады. Мына кісінің келіп отырған қатысушының жұлдыз болуына қандай көмек беру керек, не істесе жанып кетеді деген сұраққа біз жауап іздейміз.
Бес жұлдыздың әр бағдарламасында 5 қатысушы өнер көсеретеді. Осылайша, 15 бағдарламаның жеңімпаздары финалдық кезеңде шын жүйрікті анықтайды. Алғашқы бағдарлама ертең кешкі сағат 19:00-де эфирге шығады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов.