Мәжіліс адам саудасына қатысты заң жобасын мақұлдады
Жезөкшелер үйін ұстау ауыр қылмыс түріне жатқызылады. Мәжілісте «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Енді адамды құлдыққа салу, құлдыққа сатумен байланысты қылмыс бойныша жаза күшейеді. Құжатта тағы қандай өзгерістер бар?.
Өркениет жыл санап дамып келе жатыр. Дегенмен әлемде адам саудасы азаймай тұр. БҰҰ есебіне қарасақ, жыл сайын миллиондаған жан осындай қылмыстың құрбаны болады. Олардың арасында әсіресе, қыз-келіншектер көп. Арам ниеттілердің құрығына түскендердің 70% астамы – әйелдер. Көпшілігі жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.
Ал Қазақстанда жыл сайын адам саудасына қатысты 100 жуық қылмыстық іс тіркеледі. Олардың қатары көбеймесе, кемитін түрі жоқ. Сондықтан заң қатаңдатылып жатыр.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Заң жобасы мен адам саудасының құрбаны, адам саудасының ықтимал құрбаны, осал жағдай және адам саудасына қарсы іс-қимыл субьектілері сияқты бағыттар, жаңа ұғымдар енгізіледі. Заң жобасының ерекшелігі – осы саладағы кешенді және жүйелі профилактика тетіктерінің қалыптасуы.
Адам саудасына қазір негізгі құрал болып отырған тетіктердің бірі – ғаламтор желісі. Себебі қара ниеттілер жұртты әлеуметтік желілер арқылы жалақысы жоғары жұмыс берем деп, алдап шақырып, құжаттарын тартып алып, еңбек немесе жыныстық құлдыққа жегеді.
Енді интернеттегі осындай қылмыстың алдын алу үшін Қылмыстық кодекстің 309 бабына арнайы тармақ енгізіледі. Бірақ интернет арқылы жасалған адам саудасының артында көбіне шетелдіктер тұрады.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осыған байланысты менде бірнеше сұрағым бар. Керек десе, мына құжатым бар қолымда. Осындай хабарландыруларды бақылауда қашан қолға аласыздар? Мұндай жабық топтар қалай анықталады? Егер олар шетелде болса, ондай чаттарды ұйымдастырушылар қалай жауапқа тартылады? Мына қарастырылып отырған заң жобасында осындай әрекеттерді жарнамалауға тыйым салу механизмдерін байқап отырған жоқпын.
Ең сорақысы қыз-келіншектерді жыныстық мақсатта ұстайтын притондарды жасырып келген полиция қызметкерлері де кездеседі. Былтырдың өзінде осындай 5 лауазымды тұлға анықталған. Депутаттар жиында қыз алып қашу жайын да қозғады. Заң жобасында мұндай қылмысқа да жаза күшейтілген. Бірақ әлі де толықтыру қажет.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Азаматтарды алып қашу деген 125 бап бар. Соның ішінде бөлек бір қыз алып қашуға қатысты қосымша бар. Көбісі сонымен пайдаланып кетеді. Менің ойымша, бұл жерде босатқанның өзінде біз тіркеуіміз керек. Оған кемінде заңға өзгеріс енгізіп, әкімшілік қамайық, басқа қылайық.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Жақсы өркениетті елміз, Батыс мемлекеттеріне теңесеміз», - дейміз. Бірақ мына қызды ұрлау мәселесінде Қазақстан Эфиопиямен бірдей тұр. Эфиопия қайда? Қазақстан қайда?
Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданғанымен, ондағы өзгерістер мен толықтырулар жұмыс топтарында әлі де талқыланады.
Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов