Энергетика министрлігі шаруаларға қосымша дизель отынын бөлмек
Энергетика министрлігі көктемгі егіс жұмыстары үшін шаруаларға қосымша 35 мың тонна дизель отынын бөлуге дайын. Ол да жеңілдетілген бағамен беріледі. Литрі 250 теңге. Мұны Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов айтты. Қосымша дизель бөлуді алғашқылардың бір болып Түркістан облысының дихандары сұрапты. Кейін өзге өңірлерден де осындай өтініш келген. Негізі жыл басында дала жұмыстары үшін 340 мың тонна жанармай бөлінген. Бүгінге дейін оның жартысына жуығы таратылған.
Ерлан Ақкенженов, ҚР энергетика вице-министрі:
-Әкімдіктерде операторлардың тізімдері бар. Райондарға бөлінген. Заявка бойынша біз жөнелту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысы, Қостанай облысы егін егетін өңірлер болған соң соларға көбірек бөлінеді.
Мамандар еліміздегі жанармай қоры туралы да айтты. Қазір дизель мен АИ-92 бензинінің 40 күнге жеткілікті көлемі сақтаулы. АИ-95 болса 30 күнге жетеді. Ең көбі авиа-отын. 60 күндік қорымыз бар екен. Демек Шымкент мұнай өңдеу зауытын жөндеу кезінде тапшылық болмауға тиіс. Жоспар бойынша кәсіпорын 8 мамырда қайта іске қосылады.