Әскерге барған азаматтарға жоғары оқу орнына түсуге жеңілдік беріледі
Елімізде әскерге барған азаматтарға жоғары оқу орнына түсуге жеңілдік беріледі. Бүгін бұл норма заңмен бекітілді. Сенат «Ғылым және білім беру туралы» Заң жобасын мақұлдап, Президенттің қол қоюына жолдады. Құжатта біраз өзгеріс бар. Енді ғалымдар ғылыми жобасын аяқтағанша жалақысы сақталатын шығармашылық демалысқа шыға алады. Сондай-ақ ғылыми дәрежесіне қарай 93 мыңнан 185 мың теңге аралығында қосымша ақы алады. Баспаналы болуына да жағдай жасайтын тетіктер қарастырылыпты. 2026 жылға дейін 1 мыңға жуық ғалым төмен пайызбен ипотека рәсімдемек. Ал шетелдерде жүрген қазақ ғалымдарын қалай қайтарамыз?
Дархан Ахмед-Зәки, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
-Енді қай кезде ол қайтып келеді? Оны ынталандырудың бір жолы соған сәйкес бюджеттік қаржыландыру бар, ғалымдарды шақыру стипендиясы деп атаймыз. Шетелден келетін ғалымдарға әр университет өзінің жеке қаржыландыру бюджетін бөледі. Мен білсем, сол мөлшері 1 млн шамасындағы қаржыландыру.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Жаңа нормалар ғалымның мәртебесін көтеруге, ғылыми қызметкерлерді ынталандыруға және талантты жастарды ғылыми қызметке тартуға бағытталып отыр. Атап айтқанда заң ғылыми-педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын мұғалімдердің негізгі жалақысына қосымша ақы белгілеуді көздейді.
Ел ішінде мемлекеттің көмегімен көшіп-қонатын азаматтар Астана мен Алматы қалаларының маңына қоныстана алмайды. Сол себепті Сенат депутаттары Мәжіліс қабылдаған «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда кері қайтарды. Депутаттардың айтуынша, тағы 10 шақты норманы одан әрі жетілдіру қажет. Мәселен, қоныс аударушыларға берілетін жер учаскелерінің мерзімдеріне қатысты да Жер кодексіне толықтырулар енгізу керек.