Медицина қызметкерлерінің мәртебесі арта түспек
Бірер күн бұрын Президент Медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау жүйесін енгізуге және олардың жауапкершілігін арттыруға арналған заңға қол қойды. Енді дәрігерлер арқалаған жауапкершілік жүгі жеңілдеп, қоғамда резонанс туғызған біраз түйткілдің түйіні тарқауы тиіс. Сондай-ақ ауылға барып ақ халат кием дегендерге сүйінші жаңалық бар.
Бұл жарты жыл бұрын Жетісу облысында болған жағдай. Адам өлімі үшін дәрігер туыстарының қолынан таяқ жеді.
Ал жыл басында Қарағандылық жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін автотұраққа дұрыс қоймадың деп белгісіз ер адам соққыға жығып, жәбірленуші бас ми жарақатын алды. Кеншілер қаласындағы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндіріп, жұрт жаға ұстады. Ендігіде бұндай келеңсіздіктерге жол берілмеуі тиіс. Жаңа заңда медицина саласының қызметкерлерін құқықтық және қаржылық қорғау тетіктері енгізілді.
ҚР Еңбек сіңірген дәрігері атағын иеленген адамға 1000 АЕК яғни 3 млн 692 мың тг көлемінде бір реттік ақшалай төлем жасалса, өз саласының үздігі 500 АЕК, яғни 1 млн 846 мың теңгеге иек арта алады. Бұл бір есептен медицина саласына еңбегі сіңгендерді ардақтау болса, екіншіден жастарды ынталандырудың тетігі. Сондай-ақ ауыл-аймақтардағы маман тапшылығын жойып, ауыл дәрігерінің мәртебесін арттыру үшін де норма қарастырылып отыр.
Алмагүл Қауышева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры:
-Медициналық жоғары оқу орындарын бітірген түлектер үшін ауылды жерлердің тартымды болмай отырғаны ешкімге құпия емес. Осыған байланысты ауылға баратын мамандарға бұған дейін қарастырылған жеңілдіктер мен ынталандыру шараларынан бөлек, қосымша 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде бір реттік төлем қарастырылып отыр. Ол 8,5 млн тг.
Тағы бір мәселе. Дәрігер қателігі. Енді медициналық ұйым сақтандыру компаниясымен шарт жасасады. Бұл дауды сотқа дейін шешу тетігі. Науқасқа «дәрігерлік қателік» салдарынан оның өмірі мен денсаулығына зиян келген жағдайда берілетін шағымды тәуелсіз сараптама комиссиясы қарайды. Себебі бұған дейін науқастың денсаулығы немесе өміріне зиян келсе дәрігер өзі жауап беретін. Ал ол дәрігерлердің медицина саласынан кетуіне әсер етіп келді. Бұл келеңсіздікке тосқауыл қою үшін тәуелсіз комиссияның шешімімен сақтандыру төлемі қарастырылмақ.
Науқас қайтыс болған жағдайда 3000 АЕК төленеді. Мүгедектікке шалдықса, ол дәрежесіне қарай 1-топқа 800, 2-топқа 600, 3-топқа 500 АЕК мөлшерінде белгіленеді. Мүгедек балаға 500 АЕК, мүгедектік белгіленбесе 300 АЕК мөлшерінде өтемақы төленеді.
Ақниет кәсіподақтар ұйымы заңгерлері бұл төлемдер ертең ауызбастырық ретінде қалып қоймаса игі еді дейді. Ақша бар жерде арыздың көбейетіні заңдылық қой.
Еркебұлан Бүркітбаев, қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы заң бөлімінің меңгерушісі:
-Біздің ойымызша бұл заң қабылданғаннан кейін пациенттердің тарапынан, олардың өкілдерінің тарапынан арыз-шағымдар көбейеді. Халықаралық статистикада сондай. Кейін бәсеңдеуі мүмкін.
Бірақ пациенттерге дәрігер қателігі үшін сотқа шағымдану құқығы қалдырылып отыр. Бұл дәрігерлердің әлі де жеткілікті қорғалмауы деп топшылайды қоғам өкілдері. Себебі практика көрсеткендей, көп жағдайда олар барынша қатаң жазаланады. Аталған құжат заңгерлер пайымынша жауапкершілікті либералдандыруды біртіндеп іске асырады. Ол да жақсы дейді.
Еркебұлан Бүркітбаев, қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы заң бөлімінің меңгерушісі:І
-Құқыққорғау органдарының ұсынысы бойынша халық әлі түбегейлі өзгертуге дайын емес. Сондықтан бірінші этапта алдымен бәсеңдетейік қылмыстық жауапкершілікті, осы жобамен жұмыс істеп көрейік. Егер шынымен де жақсы эффект болып жатса кейінгі жылдары қылмыстық жауапкершілікті бәсеңдетіп, әкімшілік жауапкершілік шеңберінде сосын жаңағы азаматтық құқықтық қарым-қатынас, яғни төлемдер материалдық шығындар өтелсе, сол шеңберде басылады деген ой бар.
Заң жобасы аясында медицина мамандарының балалары балабақшаға қабылданарда басымдыққа ие болады. Сонымен қатар өзінің міндетін атқарып жүріп, оқыстан қайтыс болған дәрігердің балаларын және мүгедектігі бар балаларын жоғары оқу орнына конкурссыз қабылдау ұсынылып отыр. Сол секілді медицина қызметкерлеріне мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру құқығы беріледі. «Аталған шаралардың барлығы сала мамандарының мәртебесін арттыруға бағытталған»,— деп отыр заңның авторлары.
Авторлары: Берік Дүйсенбай