Елімізде обыр дертін емдеу үшін тераностиканы дамыту қажет
Қазақстандықтар обыр дертін шетелде емес, өз елімізде емдеуі үшін тераностиканы дамыту қажет. Бұл — терапевтік және диагностикалық мәселелерді бірге, кешенді түрде шешуге жол ашатын тәсіл. Бүгін Астанада Ресей мен Қазақстанның ядролық медицинадағы жетекші ғалымдары бас қосты. Мамандар бірауыздан саланы дамытуға әрі қарай да тиісті көңіл бөлу керегін айтады. Себебі біздегі ауруханаларда радиофарм препараттармен онкологияны анықтау үшін науқастарға 15 төсек-орын ғана бөлінген. Ал сұраныс бұл шамадан он есеге дейін көп. Салдарынан науқастар дер кезінде тексеріліп, ем ала алмайды.
Айгүл Сәдуақасова, ҚР ПІБ медициналық орталығы жанындағы ядролық медицина орталығының жетекшісі
-Ядролық медицина орталығында радиофармпрепараттарды шығара бастағалы бері, дертке шалдыққандарды тиімдірек емдейтін болдық. Бұрын ауруханамызда 6 мыңдай адам емделсе, қазір емделушілер саны 10 мыңнан асады. Диагностиканы одан әрі дамыту үшін радиофармпрепараттар өндірісін қолға алмақпыз. Қазір бізде мұндай 4 препарат болса, тағы 2 шығарамыз деген жоспар бар.