АЭС – энергияның сенімді көзі
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, АЭС – ең қауіпсіз әрі тиімді энергия көзі. Әлем елдері парник газдарын ауаға шығаруды азайтуға келіскендіктен, көмір жағатын электр станциялар біртіндеп жабылады. Ал жаңғыртылатын қуат көздері күн мен жел секілді түрлі табиғи факторларға тәуелді. Алдағы жылдары Қазақстанда өндірістік кәсіпорындар саны арта түседі. Ал оларды күні-түні үзіліссіз электр энергиямен жабдықтау қажет. Бұған тек базалық деп аталатын электр қуат көздерінің шамасы келеді.
Марсель Салихов, Энергетика және қаржы институтының президенті:
- Атом энергетикасының маңызы зор, өйткені АЭС базалық деп аталатын қуатпен жұмыс істейді. Яғни экономиканың негізгі қажеттерін қамтамасыз етеді. Өзге станциялар сұраныстың өзгеруіне байланысты әдетте қуатын өзгертеді. Ал АЭС үнемі энергия өндіріп тұрады, ол электр энергияның өте сенімді әрі тиімді көзі.
Атом электр станциясының қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Реакторлар ауаны ластайтын қалдықтарды шығармайды.
Швейцарияның ядролық құқық жөніндегі кеңесшісі, ядролық энергетика инженері Лука Таглиапиетра осылай дейді. Саланы он саусағындай білетін тәжірибелі маман энергия тапшы заманда ешкімге тәуелді болмау маңызды екенін айтады. Ол әлем көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуға тырысып жатыр. Бұл ретте атом электр станцияларының маңызы зор, - дейді.
Лука Таглиапиетра, ядролық энергетика инженері, ядролық құқық жөніндегі кеңесші:
- Адамдарды радиация, радиоактивті заттардың ауаға тарауы тәрізді қауіптер алаңдатады. Алайда бұл заттар тек атом электр станциясының ішінде болады, сыртқа шықпайды. Одан қауіп жоқ. Ал кездейсоқ тарайтын жағдай бола қалса, жүйе өздігінен автоматты түрде жабылады. Станциялар жылдар бойы сынақтан өткен қауіпсіздік шараларының негізінде жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Атом электр станциялары көмірқышқыл газы мен түрлі ілеспе газдарды ауаға шығармайды. Экологиялық жағынан тиімді.