ҚР архив ғимараты Алматыдан Астанаға көшіріледі
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының архиві Алматыдан Астанаға көшіріледі. Қазіргі дерек бойынша архив ғимараты елордадағы Мәңгілік ел даңғылы бойында орналасады. Бүгін осы сала мамандары Алматыда өткен мұрағатшылардың ІІ конгресінде бас қосты. Айтуларынша, дүниежүзіндегі мұрағаттар түрлі дағдарысқа тап болды. Бірқатар елде құжат қоймалары су тасқыны мен дауылдан зардап шегіп жатыр. Қағаз сақталғанымен, мәтін бұлыңғыр тартып, ақпарат жоғалу қаупі бар. Халықаралық кеңес табиғи апаттардан келетін шығынды азайтуға көмек көрсетеді. Бірегей құжаттардың жоғалып кетпеуі үшін, 20 елден 200-ден астам маман бірігіп әрекет етпек. 30 жылдық тарихы бар Президент мұрағатының мамандары, ұлттық мұраны насихаттау мен сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе цифрландыру жағдайында құжаттармен жұмыс істеу түбегейлі өзгеріп, «ақылды мұрағат» құрудың болашағы зор.
Әлия Мұстафина, ҚР Президент архивінің директоры:
-Архив бұл ақпараттық-стратегиялық ресурс. Бүгінде әлемде архивтің рөлі мен маңыздылығына барынша көңіл бөлінуде. Бұған спикерлер айтқан өзгерістер мен дағдарыстар себеп болып отыр. Тығырықтан шығу үшін архив жұмысын жақсартатын бірлескен жаңа әдістер қажет.