Павлодар облысында кәріз жүйелері қайта жаңғыртудан өтіп жатыр
Павлодар облысындағы кәріз тазарту қондырғыларының жай-күйі экологтарды алаңдатып отыр. Олардың сөзінше, қоршаған орта мен су айдындарына келетін зиян көп. Өткен жылы өңірде тозып тұрған кәріз жүйесі мен тазарту қондырғыларын ауыстыру жұмыстары басталған. Нәтижесі қандай?
Облыс орталығындағы 26 сорғы станциясына және 345 шақырымнан астам кәріз желісіне «Павлодар су арнасы» мекемесі қызмет көрсетеді. Кәсіпорын қаланы сумен қамтып, кәріз жүйесін күтіп-баптаумен айналысады. Соңғы жылдары кәріз желілерінің жағдайы сын көтермегеннен кейін коммуналдық мекеме былтыр өз қаражатына жөндеу жұмыстарын бастаған.
Валерий Филяев, «Павлодар су арнасы» ЖШС директорының орынбасары:
- Жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. Өндірістік жабдықтар ауыстырылған соң, ағынды судың сапасы жақсарады.
«Инвестиция орнына тариф» бағдарламасының мақсаты – кәріз тазарту қондырғыларын жаңғырту. Биыл кәсіпорын ағынды суларды биологиялық тазарту ғимаратының екеуін жаңартып жатыр. Бұл Ертіс өзені суының сапасына әсер етеді.
Серік Саламбеков, тазарту қондырғысы цехының басшысы:
- Мұнда ағынды сулар биологиялық әдіспен тазартылады. Содан кейін су тұндыратын арнайы орында тағы бір мәрте тазартудан өтеді. Одан соң цистерналарда хлормен дезинфекцияланып, Ертіс өзеніне жіберіледі.
Қаладағы кәріз жүйесін жаңарту үшін кәсіпорын өз қаражатына 10 шақырымнан астам желіні ауыстыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ мемлекет тарапынан кәріз желісін жаңғырту мақсатында өңірде 5 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Әділ Қайырбергенов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:
- Бүгінде 4 шақырым кәріз желісі қайта жаңартылды. Бұдан бөлек, 2025 жылға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Павлодар қаласында 1 шақырым, Екібастұз қаласында 3 шақырым су бұру желісін жаңарту жобасы жолданды.
«Дегенмен мұндай іс-шаралар мәселені түбегейлі шешпейді», - дейді экологтар. Олардың сөзінше, бөлінетін қаражат көлемі кәріз желілерін толық жаңартуға жеткіліксіз.
Әсет Сыздықов, облыстың бас мемлекеттік экология инспекторы:
- Өңірдегі кәріз тазарту қондырғылары кей жерде 80%-ке дейін тозған. Жергілікті атқарушы билік қоршаған ортаны қорғау іс-шарасы шеңберінде нысандарды реконструкциялауға бюджеттен қаржы бөлуі қажет.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта ағынды суды хлормен емес, ултракүлгін сәулесі арқылы тазартуға мүмкіндік береді.
Асланбек Шығыр, Ербол Әбішев, Дәулет Кошкарбаев, Марат Игіліков