Елімізде жалғызбасты әкелердің қатары 72 мыңнан асты
Елімізде 863 мыңға жуық толық емес отбасы бар. Оның 72 мыңнан астамында балаларды жалғызбасты әкелер тәрбиелеп отыр. Мамандар жалғызбасты әкелер сындарлы сәтпен бетпе-бет келгенде, тауы шағылып жатады. Сондықтан олардың проблемасын ашық айтып, шешімін табуға атсалысуымыз керек,- дейді.
Бұл Шымкент қаласының тұрғыны Амангелді Ибрагимов. 1 жыл бұрын 16 жыл отасқан зайыбынан айырылып, үй мен түздің тауқыметін жалғыз арқалауға тура келеді. 4 балалы әкеге тұрақты жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан такси қызметін атқарып, нәпақасын тауып отыр.
Амангелді Ибрагимов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Тамағы бар, мектебі бар, киімін жуу керек, сол жағы қиындау боп тұр. Анасы болған кезде қыз мәселесінде дұрыс жағдайын түсіндірер еді. Қазір әке де, ана да болып отырмын. Үйдегілер де, жан-жақтағы достарым, бауырларым үйлен деген мәселені қозғап жатыр. Үйленуге қарсы емеспін. Өйткені қасыңда серігің болғаны дұрыс деп ойлаймын.
Көпбалалы әкенің қазіргі уайымы – балалары. Әсіресе 16 жастағы үлкен ұлының дерті жанын жегідей жейді. Себебі оған бауыр циррозының 4 дәрежесі диагнозы қойылған. Тұңғышы түнеугүні өте ауыр жағдайда емханаға түскен. Ол: «Ешкімнен ас-су сұрамаймын, тек баламның едәуір қаржы тұратын отасына квота алғым келеді», - дейді.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, асыраушысынан айырылғаны үшін және көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттен жәрдемақы алуға болады
Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы:
- Ер азаматтар жалғыз қалып қалған кезде барып, мемлекеттен көмек сұрауға шамалы намыстанады. Не ана, не әке қайтыс болған кезде ЦОН арқылы регистрациясын жасаймыз ғой, сол регистрация жасаған кезде біліп, кім жалғыз қалып қойды, оған мемлектетің өзі бала басына беретін көмегін өзі ұсынса.
Адам жұбайынан айырылғанда күйзеліске түседі. Сондықтан үй жұмысын ұл, қыз деп бөлмей ерте жастан тең атқарған дұрыс, - дейді әлеуметтанушылар. Ал үлкендердің күйзелісі бала психологиясына да кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ержан Мырзабаев, психолог:
- Осы кісілер үшін қолжетімді психиологиялық қызмет көрсету орталықтарын ұйымдастырған дұрыс. Стрестің бәрінен арылу үшін психолог өте маңызды рөл ойнап, дұрыс бағыт-бағдар беруі мүмкін.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Мамандар жалғызбасты әкелер жан-жағынан көмек сұрауға арланбауы керек, - дейді. Себебі мәселеге «жалғызбасты әке» немесе «жалғызбасты ана» деп емес, балалар тұрғысынан кешенді түрде қарау қажет. Бұл тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Құралай Жұмахан, Мұхаметәлі Тілдебаев, Дархан Күнтуов