Елімізде egovbusiness.kz бірыңғай порталы құрылады
Елімізде egovbusiness.kz бірыңғай порталы құрылады. Яғни кәсіпкерлерге қажетті функциялар мен қызметтер бір жерге біріктіріледі. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің бизнес қауымдастығымен кездесуі кезінде айтылды. Кездесуде кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигізер түрлі кедергілер талқыланып, ұсыныстар ортаға салынды. Әсіресе, кәсіпкерлерді оқыту, бизнеске жүктемені азайту, салық бойынша консультациялық базаны нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде бөлшек салық мөлшерлемесін Ақмола облысы бойынша екі пайызға дейін төмендетуі мүмкін екенін айтты.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҚР ҰКП төрағасы:
-Бұл әкіммен дәстүрлі кездесу. Мұндай алаң өте керек. Бүгінде Астанада 235 мыңнан астам бизнес субъектісі жұмыс істейді. Қаламызда шағын және орта бизнес жақсы жолға қойылған. Бизнесті субсидиялауды, несиелендіруді және кепілдендіруді күшейте түсу керек және банк мекемелері мен офтейк-келісімшарттар арқылы қаржыландырудың жаңа тетіктерін құруды ұсынамын.