Шымкентте тозығы жеткен жеделсатылар ауыстырылып жатыр
Шымкент қаласындағы 16 үйде тозығы жеткен жеделсатылар ауыстырылып жатыр. Биыл бұл мақсатта қазына қаржысынан 339 миллион теңге бөлінген.
Сала мамандарының айтуынша, қолданыс мерзімі аяқталған жедел сатылар саны анағұрлым көп болуы мүмкін.
Қала орталығындағы мына 9 қабатты үйде 44 отбасы тұрады. Пәтер иелері кеңестік кезеңде қолданысқа берілген жеделсатыны талай рет жөндеткен. Алайда ескі лифттің қосалқы бөлшектерін табу қиын, - дейді тұрғындар.
Ерік Ысқақов, қала тұрғыны:
- Негізі ол ескіргесін сына бастады. Сосын неше түрлі бөлшектер алдық. Өзіміз ақша төлеп, сосын механиктерді шақырдық. Экспертиза бізге АКТ жазған жарамайды деп. Негізі бәрі ескірген. Сондықтан біз жиналып, өтінім бердік.
Жаңа тұрғын үй кешендерінде де жаңғыртуды қажет ететін лифтілер көп.
Сейітжан Қалыбеков, қала тұрғыны:
- Осы үй берілгенде орнатылған ғой. Бірақ жиі бұзылады лифт. Бұзылған кезде 1 айдай істемей тұрған кездер болған. Жетінші қабатқа шығып, түсуіміз өте қиын негізі.
Биыл қала аумағындағы 16 тұрғын үйдің 28 жеделсатысы ауыстырылып жатыр. Пәтер иелерінің ортақ меншігін жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 339 млн теңге бөлінді. Бір жеделсатының бағасы - 15 млн теңге. Меншік иелері бұл қаражатты 15 жыл ішінде қайтаруы қажет.
Ғани Жақыпбеков, «Тұрғын үй Шымкент» ұйымының бөлім басшысы:
- Зауыттан шыққанда бүкіл техникалық мінездемесі беріледі. Одан кейін мердігердің кепілдік мерзімі бар. Әрі қарай өздері қызмет көрсету сервисін жасайды. Келесі жылға бізге түскен арыз бойынша 5 үй 10 лифт келіп тұр.
Әбдімомын Сырымбетов, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Ең үлкен қағидасы 1 үй 1 шот деген сөз. Жиналған ақша тек қана үй төрайымына түседі. Үй төрайымы істелген жұмысқа ғана ақшасын төлейді. Қазіргідей айма-ай келіп тұрмайды. Істелінді ме, ақшасын төлейді. Сонда қызмет көрсетуші мекемелердің бәрі үйдің тұрғындарына тікелей тәуелді болады.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінге дейін 147 тұрғын үй бірлестігі құрылған. Қазір өзге де тұрғындармен ортақ жиналыс өткізіліп, жаңғырту жұмыстарының талаптары түсіндіріліп жатыр. Өйткені қаладағы 943 лифттің үштен бірі мерзімінен артық уақыт қолданылған. Арасында 40 жылдан астам қызмет етіп келе жатқандары да кездеседі. Ал оларды жаңғыртуға меншік иелерінің 70 проценті келісім беруі керек. Талап бойынша жедел сатылардың қолданыс мерзімі - 25 жыл.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов