Биыл Атырау облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі ₸1,7 трлн болды
Биыл Атырау облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңге болды. Бұл ел бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Оның ішінде шетелдік инвестиция ағыны да арта түскен. Мәселен, қазір Теңіз кен орнында «Келешек кеңею» жобасы аяқталуға жақын. Оған биылдың өзінде 840 млрд теңге тартылған. Бүгін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған облыс әкімі Серік Шәпкенов өзге де салаларда атқарылған жұмысты атап өтті. Аймақта шағын және орта бизнесті қолдау жалғасып келеді. Агроөнеркәсіп кешенінде де оң өзгеріс байқалып, мал басының саны артқан. Әлеуметтік салада 9 үш ауысымды, 4 апатты мектептің мәселесін түбегейлі шешу және жыл соңына дейін 12 медицина мекемесінің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Бұдан өзге ауыл және аудандық маңыздағы жолдардың сапасын арттыру міндеті тұр.
Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:
-Тас жолдың ұзындығын 1927 шақырымды құрайды. Былтырғы жылы қанағаттанарлық деңгейі 76 пайызды құраса, биыл 78-ге жетті. 2 пайызға өсіп отыр. 312 км-ден астам жерге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеу, салу, тағы басқалай. Сонымен қатар шалғай елді мекендерде көлік инфрақұрылымын дамытуға бірқатар жобалар атқарылып жатыр.