Хабар телеарнасы

26 желтоқсан - Халықаралық сыйлық күні

26 желтоқсан - Халықаралық сыйлық күні. Қазақ халқы да сыйлық кәдесіне ерекше мән береді. Бұл туған-туысқан мен дос-жаранның арасын жақындатып, сыйластығын арттырады, - деп біледі. «Сыйлық - адамның ілтипаты мен ықыласының белгісі. Мұнда берген затыңның бағасы емес, адамға қуаныш сыйлағаның маңызды», - дейді қолөнер шебері Алтынсара Бахи.

Алматылық Алтынсара Бахи 8 жылдан бері қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Оның қолынан шыққан шашбау, шекелік, жүзік, қапсырма, алқа сияқты әшекейлер қазір сұранысқа ие. Әсіресе мұндай заттар сыйлыққа бергенге жақсы. Бұйымдар мельхиор қорытпасынан жасалады. Сондықтан бағасы да қолжетімді.

Алтынсара Бахи, қолөнер шебері: 

- Әсіресе қазір осындай түймені көп алып жатыр. Әжелер, қыз келіншектер мынадай алқа киіп алады. Әдемі қазақша әшекейлер болады. Түрлі формалары бар. Құйытты бар да бар, үлкен түрлері де болады. Мына түймені осындай қылып жадағайға да киюге болады.

Сыйлық алғанды кім жек көрсін. Сол бір сәт адамға қуаныш сыйлайды. Тіпті сыйлық берген жанның жаны жадырап, көңілі көтеріледі. Қазір Алматыда Жаңа жыл алдында сыйлық іздеген адамның қарасы қалың. Расында шын ниетпен берілген сыйлық ең құнды саналады. Қолөнер шебері Алтынсара Бахи айтқандай оның көлемі, бағасы маңызды емес. Тіптен сыйлық беру үшін белгілі бір күнді немесе мерекені күтудің де қажеті жоқ.

Саляхаддин Байрамов, турист:

- Мен үнемі жақындарымды қуантқым келіп тұрады. Сыйлық жасағанды ұнатам. Қымбат, арзан деп бөліп жармаймын. Бастысы өзіне не қажет, соны алам. Ол үшін оған не керек екенін сұрап біліп жүрем. Ал бұл жолы Әзербайжанға шағын кәдесыйлар ала кетем.

Халықаралық сыйлық күнінің тарихы орта ғасырдан басталады. Алғаш рет Еуропа елдерінде аталып өткен. Кейіннен оған басқалар да қосылған. Қазақ халқында да сый тартуға қатысты ырым-жоралғылар жетерлік. Солардың қатарында "байғазы", "көрімдік", "сүйінші беру" дәстүрі бар. Ал сыйлы қонағына шапан жауып, ат мінгізген.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов