Бүгін елімізде Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Астанада өтіп жатқан Мәдениет қызметкерлері форумының соңғы күні. 3 күн бойы руханият саласының мамандары бас қосып, түрлі семинар-тренинг өткізді. Өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.
Мәдениет қызметкерлерінің форумына 600-ден астам сарапшы қатысты. 3 күн бойы музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, архивтердің және мәдени-демалыс мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері саланы дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстарын ортаға салды.
Рига Оңаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы:
- Жыл сайын ауылдық, аймақтық ұйымдардың қызметкерлерін қолдау мақсатында түрлі жұмыстар жүріп жатыр. Жалақылары өсуде. Сондай-ақ министрлік өңірлерде жергілікті атқарушы органдарда болатын комиссияға қатысады. Яғни әр өңір өздерінің көркемдік комиссиясын ұйымдастырады. Ұйымдардың концерттерін көріп, оларға салықтық және үлгілік атақтарын береміз.
Форумда ғалымдар, тарихшылар мен археологтар музей экспонаттарын сақтау және қалпына келтіру мәселелеріне арналған панельдік сессияға қатысты. Музей тек тарихи жәдігерлерді сақтау орны емес, сонымен қатар ғылыми-ағартушылық, тәрбиелік, мәдени орталықтар ретінде де қызмет көрсетеді. Сондықтан бұл саланы цифрландыру, мультимедиалық технологияларды енгізу бүгінгі заман талабы.
Азамат Нұрмағамбетов, ҚР Ұлттық музейі Экспозиция және көрме бөлімінің жетекшісі:
- Бірте-бірте алыс аймақтарға, еліміздің түкпір-түкпіріне музей ісінің арқасында туризм де дамиды деп ойлаймын. Өйткені әлеуметтік желіде көрген заттардың барлығын көп адам өз көзімен көргісі келеді. + Тарихымыз өте бай, мәдениетіміз көп қой.
Сонымен қатар бүгін республикалық «Рухани қазына – 2025» фестивалі байқау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Байқауға қатысуға 80-нен астам маман өтінім берді. Жеңімпаздар 9 номинация бойынша анықталады. 20 жылдан астам руханиятқа қызмет етіп келе жатқан Батыс Қазақстан облысы мәдениет қызметкерінің қуанышында шек жоқ.
Арна Досболаева, БҚО Бөрлі ауданындағы Мәдениет үйі директорының орынбасары:
- Армандар орындалады. Адам баласы жеке басына қатысты емес, өзінің жасап жатқан ісіне, жұмысына қатысты да армандаса елдің мүддесі де, елдің шарықтауы да жақсы болады. Менің басты мақсатым – мәденитке от беру емес, мәңгі жанатын алау жағу. Осы «Рухани қазына» ұлттық қазынамызды насихаттауға маған күш-қуат берді. Рахмет, Мәдениет және ақпарат министрлігі!
Мәдениетті дамытпай, басқа саланың көсегесі көгере қоймас. Сондықтан мәдениеті биік елдің мәртебесі де биік боларын ұмытпайық.
Құралай Жұмахан, Айбек Ақшолақов