Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» байқауының жеңімпаздары марапатталды

  • 8
  • 26.09.2025, 19:59

Биылғы дода ақын Қуандық Шаңғытбаевтың жүз жылдығы мен жазушы Үмбетбай Уайдиннің 90 жылдығымен ұштасты. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, белгілі ақын-жазушылар қатысты.

«Әдебиет. Рух. Қоғам» халықаралық қаламгерлер байқауына биыл түрлі жанрда қалам тербеп жүрген 140-тан астам үміткер қатысқан. Қазылар алқасы 11 аталым бойынша үздік қаламгерді анықтады. Оларға Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Тахауи Ахтанов пен Бәкір Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев сияқты қазақ әдебиетінің классикасына айналған жергілікті ақын-жазушылар атындағы, әрқайсысы 1 млн теңгелік стипендия табыс етілді. Сондай-ақ облыс әкімінің ұсынысымен қазылардың жоғары бағасына ие болған төрт қаламгерге 500 мың теңгеден арнаулы жүлде берілді.

Аманжол Исламғали, Т.Айбергенов атындағы стипендия иегері:

-Мұндай байқаулар, халықаралық деңгейдегі байқаулар жалпы осы республикамыздағы қаламгерлердің қаламына қуат бітіріп, жаңа шығармалар, жаңа туындылар дүниеге әкелуіне жағдай жасайды. 

Әдеби форум алғаш рет 2019 жылы өткізілді. Кейін халықаралық деңгейдегі беделді жобаға айналды. Мәселен, биыл Түркия елінің жас ақыны Фатих Султан Йылмаз Қуандық Шаңғытбаев атындағы номинацияның жеңімпазы атанды. 

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы:

-Қатты ризамыз. Бұны біз бүкіл республикаға үлгі етіп жатырмыз. Қазір көптеген облыстар Ақтөбенің бастамасын қолдап, өздері де осындай форумдар өткізуге кірісіп жатыр. Сондықтан да бұл біз үшін және қоғам үшін де, руханият үшін де үлкен жаңалық.

Салтанатты жиында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров байқаудың рухани маңызын ерекше атап өтті. Байқау кешегі қабырғалы қаламгерлердің есімдерін ұлықтап, олардың жолын жалғап келе жатқан бүгінгі буынның шығармашылығын қолдауды мақсат тұтады. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айнадин Молдабеков