Қала әкімдігінің қолдауымен ашылған мекеме дәстүрлі кітапхана мен заманауи цифрлық технологияларды ұштастырған. Сондай-ақ көпфункционалды мәдени алаң ретінде жобаланған.
Бостандық ауданынан ашылған кітапханада заманауи компьютерлік зал, жайлы әрі тыныш оқу аймақтары, топтық кездесулер мен шығармашылық жобаларға арналған бөлімдер бар. Білім нәрімен сусындаймын деген жанға барлық жағдай жасалған. Кітап қоры 20 мыңнан асады. Тіпті көру қабілеті нашарлаған адамдарға арналған ірі қаріптегі және арнайы форматтағы әдебиеттер жинақталған.
Ахметжан Ашири, Қазақстанның халық жазушысы:-Жаңа Қазақстанымыздың өркендеуі үшін біз жазушылар оқырмандарымызға сүйректі, жақсы, көркем шығармаларды жазып, солардың қолына ұстатуымыз керек. Мирасты сақтау деген міне осы кітапханада сақталады. Сондықтан кітап ұстаған адам – бақытты адам.
Кітапхана таңғы 9-дан ашылып, кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Оқы – ойна!» жобасы жүзеге асырылды. Бұл бастама Алматы қаласының мәдени инфрақұрылымын дамытуға, оқырман мәдениетін жаңғыртуға және ұлттың рухани құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Данияр Әлиев, қалалық Мәдениет басқармасының басшысы:-Жылдың аяғына дейін тағы да біз жоспар бойынша екі кітапхананы жоспарлап отырмыз ашылуын. Келесі жылы да бұл нәрсе өз жалғасын табатын болады. Енді әкімдікке қарасты 28, мынау 29-шы болса, енді жылдың аяғына дейін 31 кітапхана деп жоспарлап отырмыз.
Алматы еліміздегі кітапты ең көп оқитын қала. Ал жаңа кітапхана әртүрлі жастағы оқырмандардың рухани білімін шыңдайтын орын болады. Мұнда қаламгерлермен кездесу мен шығармашылық кештер тұрақты өтіп тұрады.Аршын Кемелжан, Радик Жакупов