Алматыда «Венадан Буэнос-Айреске дейін» атты классикалық музыка кеші өтеді. Концертте халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Ерасыл Хамит өнер көрсетеді.
Дирижер Ілияс Дүйсен жетекшілік ететін Almaty Festival Orchestra көрерменге әлемдік классиканың таңдаулы туындыларын ұсынады.
Ерасыл Хамит - халықаралық аренада танылып келе жатқан жас музыкант. Ол білімін Зальцбург пен Венада шыңдаған. Былтыр Испанияда өткен CullerArts халықаралық скрипкашылар байқауында бірінші орын иеленді. Сондай-ақ Италияда Рим папасы Францискке жеке концерттік бағдарламасын ұсынған. Енді скрипкашы туған жері Алматыда алғаш рет өнер көрсетпек.
Ерасыл Хамит, скрипкашы:
- Бұл концертті өткізудің бірнеше себебі бар. Ең бастысы, биыл арғы атам, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиевтің туғанына 110 жыл толып отыр. Мен сол кісінің ұрпағымын. Сондықтан концертімді атамның рухына арнаймын. Отанымда өнер көрсетудің орны мен үшін ерекше. Дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Өте қуаныштымын.
Ерасыл Хамитпен бірге ата-анасы да сахнаға шығады. Екеуі де кәсіби скрипкашылар. Осы кешке қатысу үшін Санкт-Петербургтен арнайы келген.
Салтанат Қадырсейітова, Ерасыл Хамиттың анасы, скрипкашы:
- Әрине, іштей қобалжу болады. Балама ризамын. Бізді концертке шақырып, бірге өнер көрсетуге мүмкіндік бергеніне қуаныштымыз. «Үшеуіміз бірге ойнасақ», - деген арманымыз бар еді. Сол арманымыз орындалған сияқты.
Концерт бағдарламасына әлемдік классиканың көрнекті өкілдері: Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концерті және Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» циклі енген.
Ілияс Дүйсен, дирижер:
- Қазір бар күшімізді салып дайындалып жатырмыз. Өнерсүйер қауым бұл кешке бейжай қарамайды деп сенемін. Оркестр құрамында Алматыдан ғана емес, басқа қалалардан келген музыканттар да бар. Құрметті қонақтарымыздың қатарында Ерасылдың ата-анасы да өнер көрсетеді.
Қазір Ерасыл Хамит «Вена музыка және орындаушылық өнер» университетінде шеберлігін шыңдап жүр. Осы күзден бастап Вена радиосының симфониялық оркестрі құрамында өнер көрсетеді.
Алматыдағы концерт 27 тамызда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының концерт залында тегін өтеді.
Авторы:Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев