Елордада «Музыкалық жас көрермен театры» ашылады
ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында өнер ордасы көреременді М. Әуезовтің «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасымен қуантып отыр. Қойылымның премьерасы 14-16 желтоқсан аралығына жоспарланған. Музыкалық жас көрермен театрының жұмысы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, балалар мен жасөспірімдердің таным-тағылымын жетілдіруге бағытталған. Айта кетейік, жаңа өнер нысанының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Ал театр ұжымы елімізге белгілі актерлер қатарымен толықтырылған.
Асхат Маемиров, «Музыкалық жас көрермен театрының» директоры:
- Бұл – Қазақстандағы аналогы жоқ, алғаш құрылып жатқан театр. Музыкалық жас көрермен театры, яғни балалар мен жасөспірімдерге арналған музыкалық театр. Өзінің оркестрі бар. Негізінен сол өзіміздің ұлттық кейіпкерлеріміз, халық ертегілері «Тазша бала», «Алдар көсе, «Күнекей қыз», «Қожанасыр» болсын, немесе мынау әлемге танымал «Золушка», «Алтын кілт» қойылымдарын көрсеткіміз келеді. Сондықтан бұл театрдың болашағы зор.