Кинотанушы Бауыржан Нөгербектің өмірі мен шығармашылығына арналған жаңа кітап жарық көрді
«Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» – кітаптың атауы қарапайым болғанмен, ішінде жинақталған ақпараттар құнды. Бауыржан Нөгербектің қазақ кино өнері, оның қалыптасу және даму тарихы, ұлттық кино өндірісінің ерекшеліктері туралы әр жылдары баспасөз бетінде басылған мақалалары мен сұхбаттары, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері жинақталған.
Сондай-ақ кітапта кинотанушының азаматтық ажары мен қайраткерлік келбеті туралы әріптестері мен шәкірттерінің, дос-жарандары мен туған-туыстарының естеліктері берілген. Кітап Алматы қаласындағы «Қазақ университеті» баспасынан шығып отыр. Құрастырушылары – Бауыржан Нөгербектің жары, белгілі театртанушы Гүлжаhан Бекхожина және ұлы, белгілі кинотанушы Баубек Нөгербек.
Нәзира Мұқышева, кинотанушы:
- Жалпы бұл кітап көзі тірісінде Бауыржан Рамазанұлының бір арманы болған. Қазақ тілді оқырманға бұл кітаптың берері көп деп ойлаймын. Қазақ киносы туралы шығатын әдебиеттердің саны өте мардымсыз. 4-5 жылда, әрі кетсе 3-4, 8-9 жылда бір-ақ рет шығады. Бұл кітаптың оқырманға пайдасы тиеді деген үміттемін.