«Келінжан» комедиялық телехикаясы көгілдір экранға қайта оралады
Жоба авторы әрі продюсері Гүлнұр Мамасарипованың айтуынша, оқиғаның жалғасын түсіру жоспарда болмаған. Алайда кино саласының маманы көрермен тарапынан түскен өтініштерді елеусіз қалдыра алмағанын айтты. Жаңа маусым телехикая кейіпкерлерінің жаңа қырынан ашылып, шытырман оқиғаларының көптігімен ерекше болатынын атап көрсетті.
Осы уақытқа дейін көрермен көзайымына айналып үлгерген актерлердің өмірінде де айтарлықтай өзгерістер орын алды. Мысалы, «Келінжанның» екінші маусымында жүкті Балқияның рөлін сомдаған актриса Нұргүл Мыңғатова шынайы өмірде де көптен күткен тұңғышын дүниеге әкелді.
Продюсердің айтуынша, телехикаяның түсірілім барысы позитивті эмоцияға толы болды. Автор телехикая ұжымының бір отбасыдай болып кеткенін хабарлайды.
«Хабар» арнасының көрермені телехикаяның актерлерін ерекше ықыласпен қабылдағаны белгілі. Жаңа маусымда көрермен жаңа кейіпкерлермен танысады. Олардың кім екенін және қандай рөлде ойнайтынын жақын арада білеміз.