Алматыда «Ағашки по вызову» фильмінің тұсауы кесілді
Режиссер Дархан Саркеновтың «Ағашки по вызову» комедиясының атауына қарап ойыңыз он саққа жүгіруі мүмкін. Бірақ фильм достықты, адалдықты күлдіре отырып дәріптейді. Kinopark Kinoplexx Theatres қолдауымен түсірілген жаңа картинаны 27 қаңтардан бастап еліміздегі барлық кинотеатрынан тамашалауға болады.
Ажырамас екі дос, қарапайым электр маманы Алпамыс пен Айдардың өмірі қылмыстық топпен байланысқан соң күрт өзгереді. Бастары бәлеге қалған олар жеңілтек әйелдерге қызмет көрсететін азаматтан көмек сұрайды. Ойлары – оңай ақша табу. Бірақ олар өздерін алда не күтіп тұрғанынынан мүлде бейхабар еді...
Дархан Сәркенов, режиссер:
- Басты рөлдерде екі орта жастағы электр маманы. Олар ақшалары аз болғасын және белгілі бір жағдайларға байланысты «Ағашки по вызову» болып кетеді. Жаман іске баруға мәжбүр болады. Сол қызметте жүріп түрлі қызықты оқиғаға тап болады.
Беймәлім жолға түскен екі достың шытырман оқиғасы қалай өрбігені әзірге құпия. Бірақ фильмнің соңы жақсылықпен аяқталатыны анық. Картинаның түсірілім жұмыстары өткен жылы шілде айында басталған. Басты рөлдерде Рүстем Жаныаманов, Ерлан Пірімбетов, Олжас Әлжанов, Нұргүл Мыңғатова, Бақтияр Қожа, Баян Мақсатқызы ойнайды.
Олжас Әлжанов, актер:
- Шыны керек, мұндай образды алғаш рет сомдап жатырмын. Рөлді алып шығуыма түсірілім алаңындағы сценаристер көп көмектесті. Олар бар жерде, шыны керек, актер үшін ойнау өте ыңғайлы. Өйткені қалай ойнау керек, қай жерде эмоцияны дұрыстап беру керек – бәрін көріп тұрады.
Кинотеатрда барлық санитарлық талап сақталған. Көрермен Ashyq қосымшасы арқылы кіргізіледі. Сондай-ақ бетперде тағу міндетті. Ал кинозалда көрермендер бір-бірінен алшақ отырады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов