Tiger Films продюсерлік компаниясы «Қызымның қорғанышы» фильмін түсіре бастады
Экшн жанрындағы картина «Қызымның қорғанышы» деп аталады. Туынды авторлары «тыңнан түрен саламыз» деп отыр. «Тіпті көрерменге мейірімді, сері жігіттердің рөлімен таныс Тәуекел Мүсілімнің өзін мүлдем жаңа қырынан көресіздер», – дейді.
Сценарий бойынша бұрынғы әскери қызметкер Асқар қапыда әйелі мен қызынан айырылып қалады. Қайғы жұтып, құрдымға кетіп бара жатқанын көрген әріптестері оны бизнесменнің қызына оққағар етіп жұмысқа орналастырады. Асқардың рөлінде – Тәуекел Мүсілім. Ал оның әріптесін бокстан Әлем чемпионы Фируза Шарипова бейнелейді.
Алена Алмаз, фильмнің режиссері:
- Тәуекел бұған дейінгі фильмдердің барлығында сымбатты, сері жігіттердің рөлін ойнайды. Сондықтан оны жаңа образда көргіміз келді. Осы картинада болмысы да, түр-әлпеті де 180 градусқа өзгерді.
Бизнесменнің қызының рөлінде – Амира Махмудова. Бұл – оның дебюттік рөлі. Картинада экшн көп. Сондықтан каскадерлер мен актерлер дайындықты бір жарым ай бұрын бастапты.
Жайдарбек Күнғожинов, Nomad Stunts жетекшісі:
- Физикалық дайындықтамыз. Төбелес қойып жатырмыз. Таңертең жүгіреді, диетаға отырғыздық. Залға барып жаттығады.
Тәуекелдің өзі де кейіпкерді аша түсу үшін 5 келі салмақ тастағанын айтады. Ал атыс-шабыс, төбелес сахналарының шынайы шығуы үшін бұрынғы офицерлерден кеңес алған.
Тәуекел Мүсілім, актер:
- Қаруды қалай ұстау керек, қалай жүру керек, соның бәрін көрсетіп, түсіндіріп жатыр. Сахналарды қойған кезде бір қателіктерім болып жатса, сол жерде түсіндіріп айтып, қайтадан түсіріп жатамыз.
Экшн жанрында болса да, айтары бар фильм. Режиссер көрерменге «өмірде қанша қиындық көрсеңіз де, мойымаңыз» деген ойды жеткізгісі келеді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев