Қазақ телевизиясының ардагерлері марапатталды
Алдағы аптада қазақ телевизиясына 65 жыл толады. 1958 жылы 8 наурыз күні «Қазақстан» телеарнасы Алматы студиясы арқылы алғаш рет бүкіл елге хабар таратты. Осы мерейлі мерекеге орай елордада салтанатты шара өтті. Жиында қазақ телевизиясында әр жылдары қызмет еткен ардагер журналистер, дикторлар, режиссерлар мен спорт комментаторлары мерейтойлық медальдармен марапатталып, зор құрметке бөленді. Олар да бірін-бірі көріп, мәре-сәре. Әрі бүгінгі телевизия саласының даму қарқынына дән риза. Расында, өткен ғасырда небәрі 3-ақ камерамен жұмысын бастаған қазақ телевизиясы қазір әлем елдерінің телеарналарымен тең дәрежеге жетті. Мерекелік шараға келген Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Сіздерді «Қазақстан» телевизиясының эфирге шығуына 65 жыл толуымен құттықтаймын. Қазақ телевизиясының қара шаңырағы саналатын ұлттық арна еліміздегі БАҚ ішінде ерекше орын алар медиақұрылым. Бүгінде іргелес мемлекеттерге де таза қазақ тілінде хабар тарататын телеарна ұлттың рухани тұтастығын сақтауға зор үлес қосып отыр. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін. Жақсы жаңалықтарыңыз көп болсын. Қ.Тоқаев.
Ләззат Жолболдина, телевизия ардагері:
- Керемет бүгінгі басқосу. Міне, бәрімізді жинап, осындай басқосу жасай беру керек. Бұл ұрпақтарға сондай тәрбие береді. Қазір міне, барлық студияларға, аппаратныйларға кіріп шықсақ, технология өте керемет.