Хабар телеарнасы

«Азия дауысы» музыкалық фестивалі қайта жанданды

Халықаралық байқау «Медеу» мұз айдынында 1990 жылдан 2005 жылға дейін тұрақты өтіп, Орталық Азиядағы ең танымал, беделі жоғары музыкалық фестивальге айналды. Кейін түрлі себептерге байланысты тоқтап қалды.

Енді міне 20 жылға жуық үзілістен кейін өнерсүйер қауыммен қайта қауышты.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші: 
- Иә, Алатаудың баурайын әсем ән тербейтін күн. Бұл күнді әсресе алматылықтар көптен күтті. Барлығыңыз жақсы білесіздер, Алматы – өнер мен мәдениеттің ордасы. Міне, келіп жатқан халықта есеп жоқ. Осыдан бір сағат бұрын «Азия дауысы» фестивалі ресми ашылды. Қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтті. Фестиваль үш күнге жалғасады.

Алғашқы күні аты аңызға айналған A-Studio тобының мюзиклі көрсетіледі. Сахнаға бірінші болып қазақ өнерінің аңызына айналған жезтаңдай әнші - Бибігүл Төлегенова шығады. Алғашқы күнде қазақ эстрадасының әртістері - Молданазар, RaiM, Ерке Есмахан, Мирас Жүгінісов, Мархаба Сәби және Ирина Кайратовна ұжымының өнерпаздары шығады. Бірінші күнгі концерт таңғаларлық дрон шоуымен аяқталады. Фестивальдің екінші күні – сахнада Американың Black Eyed Peas тобы көрермендер алдына әлемді таң қалдыратын хиттарын орындайды. Фестивальдің үшінші және соңғы күні ұрпақтар сабақтастығы идеясын қозғайды. Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Жәмилә Серкебаева, Еркеш Шәкеев, Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев ән айтады.


Бұл байқау соңғы рет 2005 өткен екен. Өзінің тарихында оған 100-ден аса мемлекеттен әншілер қатысқан. Өнер фестивалінің сахнасында қаншама тілде ән шырқалды десеңізші. Фестивальда поп, рок, джаздан фольклорлық музыкаға дейін шырқалған. Атап айтсақ, Патрисия Каас, Тото Кутуньо, Boney M, Алла Пугачева, София Ротару, «Ялла» мен «А-Студио» қонақ болған. Тіпті, осы фестиваль­дің Бас жүлдесін жеңіп алған Филиппин әншісін әуежайдан өз елінің президенті күтіп алғанын жақсы білеміз. Тағы мынадай дерек бар. 1998 жылы халықаралық фестивальді ұйымдастырушылардың федерациясы «Азия дауысына» әлемдегі ең үздік фестиваль атағын берді. Оның бұдан да өзге сыйлықтары бар. Фестивальдың негізін қалаған Мұрат Ерғалиев пен режиссер Александр Пономарёв екенін де еске салайын. Тағы бір айта кетері фестиваль кезінде қосымша автобус бағыты іске қосылмақ. Ол сағат екіден түнге дейін жүретін болады. Бір бағытқа жүру құны 150 теңге.