Петропавлда II Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтіп жатыр
Петропавлда Ақан сері Қорамсаұлы атындағы II Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтіп жатыр. Ол Ұлттық руханиятқа өшпес із қалдырған сал-серілердің падишасы Ақан серінің туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Ән додасына Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан сынды еліміздің түкпір-түкпірінен 40-тан астам өнерпаз қатысып, бақ сынауда. Байқау шарты бойынша, олардың әрқайсысы үш әннен орындауы тиіс. Жарыс екі күнге ұласады. Яғни сыннан сүрінбей өткендері, ертең кешке гала концертте өнер көрсетпек.
Әзімхан Адай, байқауға қатысушы:
-Қазақтың ең ән басында кім дегенде, осы Біржан, Ақан, Мұхит тұрады. Солардың ішінде осы шоқтығы биік Ақан сері атамыз. Ат баптаған, жүйрік баптап бәйгеге қосқан. 300 аттың алдында келген Құлагерді жоқтап, зарлап ән шығарған бұл Ақан атамыз. Сондықтан осындай шаралар көп болсын.