Хабар телеарнасы

Тазы ұлттық брендке айналуы мүмкін

Алдағы үш-төрт айда ұлттық мақтанышымыз қазақ тазысы халықаралық аренада еліміздің  брендіне айналуы мүмкін.

Астанада тазы тұқымын әлемдік деңгейде танытуға арналған көрме өтті. Шараға әр өңірден жиналған итбегілер 100-ге тарта тазысын әкеліпті. Халықаралық кинология федерациясының өкілдері соларға қарап өз бағасын береді.

Тазыны қазақ жерінен шыққан жеке тұқым ретінде таныту талайдан бері айтылып жүрген. Бұл көрме – соны нақты іске асыру жолындағы кезекті қадам. Олай дейтініміз мұның алдында қазақстандық мамандар тазыда болуы тиіс қасиеттерді негізге ала отырып, стандарт жасаған. Міне, соған сәйкес келеді деген әртүрлі жастағы және түстері әртүрлі 100 ит іріктеп алыныпты. Ал халықаралық сарапшылардың қосымша талабы бар.  

Ив де Клерк, Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры:
- Тазы аң аулау керек болғандықтан ол тез жүгіруі, төзімді болуы шарт. Сондай-ақ алыстағы аңды жақсы көруі керек. Аяқ құрылымы мен сүйектері, бұлшық еті мен тісі, тырнағына дейін қараймыз. Басқа да біз анықтауға тиіс нәрселер бар. Осы деректерді жинап комитетке тапсырамыз.

Көрмеде 11 жасар Әділжан Жеңістің «Шағала» атты күшігі сарапшыларға бірден ұнады. Ең жас қатысушыға тазы баптауды әкесі үйретіпті.

Әділжан Жеңіс, тазы баптаушы:
- Мен 5 жасымнан бастадым, иттерді асыраймын. Папама көмектесемін. Тамақ беремін, су беремін, жуындырамын. Папаммен бірге аңшылыққа шығамын. Біз әртүрлі аң аулаймыз. Қоян, қасқыр сияқты.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:
- Қазір Қазақстанда тазымен айналысатын бірнеше ұйым бар. Біз – сол бірнеше ұйымның біріміз. Қазақстан кинологтар одағы. Бүгінгі таңда одақта біздің есеп бойынша 3,5 тазы тіркелген. 

Келесі бір болжам бойынша бүгінде Қазақстанда 5-6 мың тазы бар. Ендігі міндет – қазақы тазыны анықтап, оны жеке түр ретінде таныту және сапасын көтеру.

«Kazakh Tazy» брендін алу бойынша комииссияның шешімі осы күзде Амстердамда өтетін жиыннан кейін белгілі болады

Ердәулет Ыбырайұлы, Айбек Ақшолақов