«Қазақ қамшысы» кітабының тұсаукесері өтті
Қазақ қамшысы осыдан мың жыл бұрын ол қандай болған? Ол өзіміздің Астанада, Ұлттық музейде тұр. Белгілі болғанындай, бабаларымыз ерте кезден бастап оны қолданған. Жай қамшы емес. Өрім қамшы. Сондай-ақ қамшы тек ат құралы емес, басқа да мақсатта пайдаланылған.
Қамшының өз тарихы бар. Мамандар алғашқы үлгілері осыдан 3-4 мың жыл бұрын жасалған деп топшылайды. Ал мынау - бізге белгілі нұсқасы. 9 ғасырдың жәдігері Шығыс Қазақстан аумағында жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде табылған. Шеберлер сол кездің өзінде өрім өріп, сабын мыспен қаптай білген екен. Аң стилі құстың басы мен тұмсығы да анық көрінеді. Бұдан басқалары да табылыпты.
Қажымұрат Төлегенұлы, «Бозоқ» музей-қорығының ғылыми қызметкері:
- Қазақстаннан табылған ерте қамшы ол ерте темір дәуіріне жатады. Біздің заманымызға дейінгі 6-5 ғасырлар. Бұл Көшетаудан табылған. Ерекшелігі – ол қамшы тобылғыдан жасалған.
Ғалымдар қамшының тілі бар, - дейді. Оның түрі, сәнделуі, адамның ұстауына қарап, қандай бұйымтаймен жүргенін аңғарған. Ал шаңырақта ілінуіне зер салып, үйде неше ұл, неше қызы бар екенін де білген.
Қажымұрат Төлегенұлы, «Бозоқ» музей-қорығының ғылыми қызметкері:
- 19-шы ғасырдың аяғына дейінгі деректерде қазақтардың қамшымен қасқыр ұрып алғаны жайлы деректер бар. Және оның суретері бар сақталған. Деректерде қамшыны махаббаттың барометрі атайды. Өйткені қыз қууда қыздың қолында қамшы өзіне ұнамайтын жігітті қамшымен ұрғылайтын болған.
Қазақ жазушылары да өз шығармаларында қамшыны атап өткен. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармасында кездеседі. Ал этнограф Болат Бопайұлы бір кітапты толықтай қамшыға арнапты. Бүгін осы еңбектің тұсаукесері өтті.
Болат Бопайұлы, этнограф, «Қазақ қамшысы» кітабының авторы:
- Қамшының 36 құрамнан тұратынын, бес бөліктен тұратын мәнін, 45 түрлі өріммен өрілген. Ол жай аталған жоқ. Оның бәрі адамның статусын, өнерін білдіретін. Ұлттың рухын сақтайтын жауһар жәдігер екенін осы кітапта таныттық.
Мамандар қамшының 101 түрі бар, - дейді. Кітапта соның 72-сі қамтылыпты.
Ердәулет Ыбырайұлы, Айбек Акшолаков