Бүгін қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің алып бәйтерегі Әкім Тарази өмірден өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.
Оның жылағаны, күйзелгені, қуанғаны шығармаларында анық көрініп тұрады. Өйткені бұл Әкім Таразидің қаламгерге қояр талабы еді. «Шынайы шығармада автордың жаны шымырлап көрініп тұруы тиіс» дейтін өзі. «Құйрықты жұлдыз» повесінен басталған жазушылық жолында Әкім Үртайұлы 12 томға жүк болар дүние жазды. Бәрінде де адамның сан алуан тағдыры, қоғамның мың құбылған бет-бейнесі боямасыз, бүкпесіз суреттеді.
Төлен Әбдік, ҚР Халық жазушысы:
- Цензура өте қатал, аяғыңды қия бастырмайтын жазушының не жазғаны емес, не ойлайтыны да бақылауда отырған кез болатын. Соған қарамастан Әкімнің шығармаларында астарлы шындық жататын, бұл кісі өзі астарсыз жазбайтын, шығарманың бетінде үлкен негізгі идея жататын. Бұлай өмір өмір сүруге болмайды деген идеяның көріністері байқалушы еді.
Қазақ прозасында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп көрінген Әкім Тарази Мәскеуге барып, сценарлық курсты оқып келген алғашқы қазақ еді. Ол сөйтіп ұлтының тағдырын киноға арқау етті.
Назира Мұқышева, киносыншы:
- Ақылды адамдар болады ғой. Әкім аға осындай кейіпкерлердің ішек-қарнын ақтарып, жан-дүниесіне дейін ашып береді.
Кино өнерінде бірге жүрген Камал Смайылов, Мәжит Бегалин Әкімді «Бүлкілбай» деп еркелететін. Дулат Исабеков «Әке» деп құрмет тұтатын. Ал алпысыншы жылдары әдебиетке қатар келген достары Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқақ, Бек Тоғысбаев, Сайын Мұратбеков өздерін «Бес тапал» дейтін. Әкімді сол «Бес Тапалдың» капитаны деп әзілдейтін. Әкім Тарази ағаға іні, кішіге қамқор, досқа адал азамат бола алды.
Ол қазақ прозасына, драматургиясына, қазақ киносына өлшеусіз үлес қосты. Адамзаттық тақырыпты қозғады. Мәңгілік кейіпкерлердің галериясын жасады. Ол бар білгенін, көрген-түйгенін шәкірттеріне үйретіп кетті.
Әкім Тарази — осындай тым кірпияз, сөзін санап сөйлейтін, тым сақ, Мырзатай Жолдасбековше айтсақ, жақтақтауды, жалпақтауды, дақпыртты жақтырмайтын, болмысы бөлек, абыройына сызат түспеген тұлға болды.
Ол – бақытты жазушы, бақытты тұлға. Өйткені жары Роза Мұқанова оның қалыпқа сыймайтын суреткерлік өнерін бағалай алды, азаматтық болмысын құрметтей алды.
Жазушының артында тәрбиелі ұл-қызы, оқырманы бағалайтын кітап-киносы, өзі сүйген қазағы қалды. Жазушымен қоштасу рәсімі 24 сәуірде, Республикалық бас мешітте өтеді.