Жамбыл облысында 5 жыл бойы балаларына қол көтеріп, қорлық көрсетті деген күдікпен өгей әке қамауға алынды.
Жақында әлеуметтік желіде мал баққан екі жеткіншектің видеосы тараған. Үсті-бастары соққыдан жараға айналған. Кейін оның Талас ауданындағы Көктал ауылы маңында түсірілгені белгілі болды.
Даулы видеоға байланысты аймақта арнайы комиссия құрылды. Олар зардап шеккен екі емес, ағайынды үш бала екенін анықтаған. 16 жастағы егіздер мен 10 жастағы оқушы, әйелдің бірінші некеден туған балалары екен. Қазір олар психологиялық көмек алып жатыр. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ал жәбір көрген жеткіншектер уақытша бейімдеу орталығында болады.
Айдана Биғабылова, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры:
- Полиция департаменті медициналық сот сараптамасын тағайындап, қазір оны өткізіп жатыр. Балалардың құлақ тұсында ісік бар, ал Нұрсұлтанның айтуынша, белі мен басы ауырып жүр. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, дене жарақаты мен ауырсыну ұзақ уақыт бойы соққының салдарынан болған деп көрсетілген.
Қарлығаш Салықбаева, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшысы:
- Келеңсіз жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы бүгінгі күні осы мәселені жан-жақты зерделеуде. Сонымен қатар ішкі істер органдары тарапынан тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.