EC-145 тікұшағы құлаған аймақтан экипаждың үшінші мүшесі экипаж командирінің көмекшісі Амангелді Аманның мәйіті табылды. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ол әскери тікұшақта 295 сағат және күрделі ауа райында бірнеше мәрте ұшқан. Түрлі жаттығу мен операцияға қатысқан. Естеріңізде болса, 25 шілдеде Алматы облысында ЕС-145 әскери тікұшағы жоғалып кеткен еді. Оның бортында үш адам болған. 9 тамыз күні Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінде жүргізілген іздеу барысында Нұржігіт Үйсінбаевтың мәйіті табылды. Ал келесі күні авиация бөлімшесінің борт технигі Бақтияр Ержігітовтің де мәйіті табылған еді.